Түркістан полициясы 9-сынып оқушысы жүкті болып қалған деген ақпаратты жоққа шығарды

Жарияланды
зорлық-зомбылық
Фото: shutterstock

Құқыққорғаушы Ләззат Рақышева әлеуметтік желіде Түркістан облысы Отырар ауданында 9-сынып оқушысының аяғы ауыр екенін хабарлады. Оның жазуынша, күдікке 4 адам ілінген. Оның бірі – 11-сынып оқушысы, қалғаны ересек адамдар.

Оқушы қыздың жүкті болып қалуы туралы Kursiv.Media облыстық полиция департаменті ақпарат берді. Полицияның мәліметінше, бірнеше адамның құқыққа қайшы әрекеті және кәмелетке толмағанның жүктілік фактісі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Тергеу кезінде бұл расталмаған.

«Отырар ауданы тұрғынының кәмелетке толмаған туысына кәмелетке толмаған танысының тарапынан құқыққа қарсы іс-әрекеттің жасалуы туралы арыз полицияда қаралып, тергеу жүргізілуде. Тергеу аясында сараптамалар тағайындалды және барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда. Нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде процестік шешім қабылданатын болады» делінген полиция хабарламасында.

Еске сала кетер болсақ, өткен жылдың тамыз айында Қызылордада бірнеше мектеп оқушысы 16 жасар қызды сексуалды құлдықта ұстаған деген ақпарат тараған. Бұл іске қыздың қатарластарымен бірге құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мектеп ұжымының да қатысы бар деген күдікпен оннан аса адам ұсталып, күдіктілерге сот үкімі шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз