Шардарада демалушылар мен кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынды

Жарияланды
Санитарлық нормаларды сақтамағандарға әкімшілік айыппұл салынды / Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысы Шардара ауданында орналасқан Шардара су қоймасының жағалауында орналасқан демалыс аймағында санитарлық нормаларды сақтамаған демалушылар мен кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынды. Олар әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен жауапқа тартылған.


Әлеуметтік желіде Шардара су қоймасының жағалауында орналасқан демалыс аймағында тазалық талаптары сақталмай, қоқыс шашылып жатқаны туралы бейнематериал жарияланған еді. Өзін демалуға келгенін айтып видео түсіріп тұрған әйел: «Бұл бет те оңып тұрған жоқ. Балаларым «мына жағажайда суға түскім келмейді» дейді.

Суда қарбыздың қабығы, қоқыс жатыр. Кеше судан тері аурулары жұққанын естідік. Су ластанып кеткен» дейді. Видеодан жағажайда арнайы шағын тапшандардың орнатылғаны, ондағы адамдардың санитарлық талаптарды сақтамағаны, суда қалқыған қоқысты көруге болады.

Облыс әкімдігімің мәліметінше, бейнематериал таралғаннан соң демалысты ұйымдастыратын жеке кәсіпкерлер жағажай аумағында санитарлық тазарту жұмыстары жүргізген. Шардара ауданы әкімдігі аудандық прокуратура, полиция және төтенше жағдайлар бөлімі жағажайдағы «NurDelux», «Ержан», «Шадияр», «Сыр Нұры» демалыс аймағында қауіпсіздік пен санитарлық талаптардың сақталуын бақылау үшін тағы рейдтер ұйымдастырған.

«2025 жылғы маусым айының басынан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы («Ұсақ бұзақылық» бабы) бойынша санитарлық нормаларды сақтамаған демалушылар мен кәсіпкерлерге 16 әкімшілік айыппұл салынды»,– делінген әкімшілік хабарламасында.

Одан бөлек бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, «Шардара» су қоймасы маңындағы жағажайларды аралаған. Ол облыста туристік орындарды реттеу, санитарлық тазалығын сақтау бойынша нақты тапсырмалар берілгенімен әлі де кемшілік көп екенін қадап айтқан.

«Жағажайларды жедел ретке келтіріңіздер. Тазалық, қауіпсіздік талаптарын сақтамағандарына заң шеңберінде жұмыс жүргізілсін. Осы демалыс орындарына иелік етіп отырған кәсіпкерлер өз міндетін адал атқарсын. Жағажайларға қажетті талаптар сақталмаса, келісімшартты тоқтату керек. Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдігінің жауапты тұлғалары осы мәселе бойынша шұғыл жұмыс атқарыңыздар. Демалыс орындарында тіркелген жұмысшылар санын, салық төлемдерін де жүйелеңіздер. Ең басты мәселе – демалушылардың қауіпсіздігі. Егер туризм дамысын десек, тазалық пен қауіпсіздік басты назарда болуы керек. Жағажайға келушілердің тазалық талаптарын сақтауы да қадағалансын»,– деді Көшеров.

Әкім салғырттық танытқан басшылар пен қызметкерлерге тиісті тәртіптік шара көруді міндеттегені хабарланды. Сонымен бірге жағажай жиегіндегі шатырлы демалыс орындарын су айдынынан 50 метр қашықтыққа жылжыту ұсынылған.

Сондай-ақ оқыңыз