Трамп Путинге наразы: АҚШ пен НАТО Украинаға миллиардтаған долларға қару жібермек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Трамп Украинаға қару жібермек / фото:  Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге көңілі толмайтынын және Украинадағы соғысты реттеуде Мәскеудің ұстанымына реніш білдірді. Сонымен қатар, Ресейге қарсы жаңа «қатаң тарифтерді» енгізуге және Украинаға одақтастар арқылы «өте үлкен көлемде әскери техника» жеткізуге уәде берді.

Овальды кабинетте НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен бірге отырып сөйлеген Трамп Ресеймен бірнеше рет келісімге жақындағанын, алайда нәтиже шықпағанын мәлімдеді.

«Бұл келісім әлдеқашан жасалуы керек еді, бірақ ол созылып бара жатыр. Мен шамамен төрт рет Ресеймен Украинадағы соғыс бойынша келісімге келген сияқтымын», – деді АҚШ басшысы.

Егер Мәскеу 50 күн ішінде бейбіт келісімге келмесе, Трамп Ресейдің сауда серіктестеріне қатысты «екінші деңгейлі тарифтерді» енгізетінін, яғни 100 пайыздық мөлшерде кедендік салық салатынын айтты.

Сондай-ақ, Дональд Трамп НАТО-мен бірлесіп Украинаға әскери көмек көрсету жоспарын жариялады. АҚШ одақтастарға жоғары сапалы қару жасап береді, ал олар оны «қай жерде қажет болса, сонда» жеткізеді.

Оның айтуынша, бұл көмектің ішінде зымыран жүйелері мен Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс батареялары да бар.

НАТО бас хатшысы Марк Рютте Украина жақын арада әуе қорғанысы, зымыран және оқ-дәрі жағынан аса ірі қолдауға ие болатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз