Камерун президенті 92 жасында сайлауға қайта түспек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Камерун президенті 92 жасында сайлауға қайта түспек / фото: ашық дереккөз

Камерун мемлекетін 1982 жылдан бері басқарып келе жатқан әлемдегі ең жасы үлкен президент — Поль Бийя, биыл қазан айында өтетін сайлауға қайта қатысатынын мәлімдеді. 92 жастағы мемлекет басшысы бұл шешімін халықтың «көптеген әрі табанды өтініштерімен» түсіндірді.

«Халқыма қызмет етуге деген жігерім еліміздегі жағдайдың өзектілігіне сай келеді», — деп жазды Бийя 13 маусым күні әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бийя билікке қалай келді?

Поль Бийя президенттік қызметті 1982 жылы, сол кездегі мемлекет басшысы күтпеген жерден қызметінен кеткен соң қабылдаған. Ол кезде Бийя 49 жаста премьер-министр лауазымын атқарып жүрген. Содан бері 43 жыл ішінде сегізінші рет сайлауға қатыспақ.

Осы жылдар бойы Камерун оппозициясы мен халықаралық ұйымдар оның билігіне байланысты әділ сайлау өткізбеу, оппозицияны тұншықтыру және жемқорлықты өршіту сияқты көптеген сын айтқан. Мәселен, Transparency International ұйымының жемқорлықты қабылдау индексінде Камерун 180 елдің ішінде 140-орында тұр.

Халықтың пікірі қандай?

Бийяның бұл шешімі қоғамда түрлі пікір тудырды. Яунде қаласының көшелерінде Би-би-си тілшілерімен сөйлескен тұрғындардың кейбірі өз есімін айтудан бас тартып, пікір білдіруге қорқатынын ашық жеткізген.

«Мен әлем елдерінің тарихында мұндай жаста президенттікке түскен адамды естіген емеспін», — деді атын атамаған тұрғын.

Ал кейбірі жаңа буынға билік берілуі керек деген пікірде.

«Мен ол кісі зейнетке кетіп, билікті жастарға тапсырады деп ойлаған едім», — деді Камиль Эсселем есімді тұрғын.

Қарсылас кандидаттар кімдер?

Қазіргі таңда Бийяға қарсы бірнеше мықты қарсылас сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Олардың қатарында:

  • Морис Камто — 2018 жылы өткен сайлауда Бийяға есе жіберген оппозиция өкілі;
  • Исса Чирома Бакари — министр, жақында ғана биліктегі коалициядан шыққан;
  • Белло Буба Майгари — бұрынғы премьер-министр;
  • және басқа да оппозиция өкілдері бар.

Көптеген сарапшылар 92 жастағы президенттің енді жеті жыл билікте қалуы — шынайы қауіп деп есептейді. Өткен жылы ол алты апта бойы көпшілікке көрінбей кетіп, елде оның денсаулығына қатысты түрлі қауесеттер тараған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко жетінші мәрте сайлауда жеңіске жетіп, жаңа мерзімге сайланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз