
2025 жылы Қазақстан үкіметінің сыртқы қарызы тағы 40 млрд теңгеге ұлғайды. Қазір Үкімет алған берешек 31,9 трлн теңгеге жетті. Бұл – жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 21,1%-ы. Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында осындай мәлімет келтірді. Қазақстанның жалпы сыртқы берешегі 88 трлн теңгеден асады.
Министр мемлекет қарызы және оны басқару жөніндегі шаралар туралы баяндады. Такиевтің мәлімдеуінше, Қазақстан үкіметінің берешегі «белгіленген лимит шегінде қалады».
Шенеунік дерегінше, 1 шілдедегі жағдай бойынша басқарушы үкімет алған қарыз 31,9 трлн теңге болған. Берешек алты айдың ішінде 40 млрд теңгеге ұлғайған.
Такиев бұл жерде мемлекетті басқарушы үкімет тікелей алған сыртқы берешекті ғана айтып отыр. Шын мәнінде, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 170,5 млрд доллардан, яғни 88 трлн теңгеден асады. Осындай мәліметті өткен аптада ғана Ұлттық банк жариялаған. Бұл 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай.
Такиевтің мәлімдеуінше, үкімет қарызының негізгі өсу факторы – республика бюджетінің тапшылығын, сонымен бірге бұған дейінгі қарыздарды жабу.
Айта кетейік, биыл ЖІӨ 6,2%-ға өскендіктен, Үкімет берешегінің жалпы ішкі өнімге қатынасы төмендеген:
- 2020 жыл – 29,2%
- 2024 жыл – 23,5%
Осылайша, үкімет 2030 жылға дейін сыртқы қарызды ЖІӨ-нің 32%-на жеткізбеуді көздеп отыр. Мұндай меже биліктің қаржыны басқару тұжырымдамасында айтылған.
Үкімет берешекті 2,5 млрд долларға еуробонд шығару арқылы өтеуді де жоспарлап отыр. Қаржы министрлігі құнды қағаздарды биыл 24 маусымда саудаға шығарған.
Өткен аптада ғана Қазақстан үкіметі Ислам даму банкінен 1,1 млрд долларға дейін несие алғалы жатқаны мәлім болды. 11 шілдеде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанның сыртқы қарызы аса көп емес деп есептемейтінін айтқан.