Бектенов: Республикалық бюджетке Ұлттық қордан нысаналы трансферт алынбайды

Жарияланды 15 Шілде 2025 12:21

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алдағы үш жылдық республикалық бюджетті бекіткенде Ұлттық қордың нысаналы трансфертіне жүгінбейді. Қор қаржысы тек ірі инфрқұрылымдық жобаларға жұмсалады. Бұл туралы бүгін премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

«Келесі үш жылдық бюджет жобасын бекіткенде Ұлттық қордың нысаналы трансфертін қарастырмаймыз. Заңмен рұқсат берілген кепілдендірілген трансфертпен ғана шектелеміз. Ал Ұлттық қор бюджет тапшылығын жабу үшін емес, бұған дейін президент айтқандай, республикалық маңызы бар, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін ірі инфрақұрылымды жобаларға жұмсалады», – деді ол.

Бектенов сөзінше, енді бюджет тапшылығы үшін Ұлттық қорға жүгінуді азайтады, оның орнына «экономиканың ішкі резервіне» сүйенеді.

«Барлығы селебесіп жатыр. Мәселен, Салық реформасы экономиканың ішкі резерві арқылы бюджетті толтыруға, бюджет тапшылығын жауып, Ұлтық қорға барынша аз жүгінуге бағытталған. Келесі жылы шамамен 3 трлн теңге салық түсімдері келеді деп күтіп отырмыз. Экономика ұлғайған сайын салықтық база да кеңейе түседі, салық түсімдері де көбейеді», – деп атап өтті ол.

Бұл неге маңызды?

Нысаналы трансферт көлемі шектелетін жайлы былтыр күзде сол кездегі ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтқан еді.

Заң бойынша, Ұлттық қор қаржысы екі түрлі трансфертпен бөлінеді: кепілдендірілген және нысаналы.

Кепілдендірілген трансферт – жыл сайын тұрақты түрде республикалық бюджетке бөлінетін қаржы.

Нысаналы трансферт – арнайы бюджет тапшылығы үшін емес нақты жобаларға ғана бөлінетін ақша.

Бірақ соңғы жылдары үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін нысаналы трансфертті де пайдаланды. Мәселен, былтыр нысаналы трансферт көлемі 3 трлн теңгеге дейін өсті.

Заңда Ұлттық қордан 2024-2026 жылдары бөлінетін кепілдендірілген трансферт мөлшері – әр жылға 2 трлн теңге деп бекітілген. Ал нысаналы трансферт 1,6 трлн теңге деп көрсетілген.


Сондай-ақ оқыңыз