14 жыл сақтаған: белгісіз бір адам 4 млрд долларға биткоин сатып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алтыннан да қымбат Биткоин / фото: shutterstock
Алтыннан да қымбат биткоин / фото: shutterstock

2011 жылы Bitcoin (BTC) 0,78 доллар тұрған уақытта монета жинай бастаған бір адам 14 жылдан кейін оларды биржаға шығарды. Саудаға түскен 40 009 BTC қазір 4,68 млрд доллар тұрады. Бұл туралы Lookonchain сараптама платформасы хабарлады.

Белгісіз бір адам биткоин бір доллардан да арзан тұратын уақытта монеталарды Galaxy Digital компаниясының әмиянына жинай берген. Енді, 1 BTC құны 123 мың долларға көтерілген уақытта, ол жинаған қорының жартысын сатуға шығарған. Сарапшылардың болжамынша, оның кем дегенде 80 мың монетасы бар. Қазіргі бағаммен 9,46 млрд доллар. Әр монета құны 150 мың есе артқан.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде биткоин құны алғаш рет 123 мың доллардан асты.

Bitcoin тарихы 2008 жылдан бастау алады. Әлем қаржы дағдарысына тап болған сол жылы Сатоши Накамото деген бүркеншік атпен танылған адам (немесе адамдар тобы) биткоин жүйесін сипаттайтын ғылыми мақаласын жариялады.

2009 жылы алғашқы биткоин транзакциясы өтіп, желі жұмысын бастады. Ол кезде бір биткоиннің бағасы небәрі 1 центке де жетпейтін еді.

Сол кезде монета сатып алып, осы уақытқа дейін тиіспеген адам жоқтың қасы. Өйткені BTC құны өскен сайын оны ұтымды сатып жібергісі келетіндер әрдайым табылады. Мәселен, былтыр Германия билігі тәркіленген 50 мың монетаны 2,88 млрд долларға сатып жіберген. Енді сарапшылар Берлин 3 млрд долларға ұтылғанын айтып отыр. Себебі қазіргі бағаммен есептесек, 50 мың BTC шамамен 6,15 млрд доллар тұрады.

Сондай-ақ оқыңыз