Құрылыс компаниясы Перизат Қайраттан 200 млн теңге өндіріп беруді сұрады

Астанада Перизат Қайратқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 16 шілдедегі сот отырысына темірбетон және бетон конструкцияларын өндірумен айналысатын «Стройконструкция» компаниясының өкілі қатысты.
Оның айтуынша, компания қайырымдылықпен тұрақты түрде айналысады.
«2024 жылдың наурызында Қазақстан су тасқыны басталды. Соңғы 10 жылда мұндай жағдай болмаған. Басшымыз президенттің үндеуін тыңдады. Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдерін зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге шақырды. Осы үндеуден кейін, біздің басшымыз «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық қорына қаражат аудару туралы шешім қабылдады», – дейді компания өкілі.
Айтуынша, бұл қор әлеуметтік желілерде жиі видео жариялаған, телеарналарда арнайы сюжеттер көрсетілген. Сол себепті дәл осы қорға ақша аударуды шешкен.
«10 мамырда «Стройконструкция» АҚ «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық қорының есепшотына 200 млн теңге аударды. Аударымға «Су тасқыны мен селден зардап шеккендерге көмек» деп көрсетілді», – дейді ол.
Сөзінше, сотталушылармен таныс емес. Компания қор ақшаның қайда жұмсалғаны туралы кейінірек есеп жариялайды деп ойлаған.
«Алайда өз тарапымыздан арнайы тексеру немесе қызығушылық білдірмедік. Сотта өзіміздің талап арызымызды толық қолдаймыз. Келтірілген залалды өндіріп беруді сұраймыз», – деді ол.
Перизат Қайрат ісі
14 шілдеде Астана сотында Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша айыптау актісі оқылды. Алайда ол өзіне тағылған айыпты мойындамай, айыптау актісін тергеушілердің қиялынан туған деп атады.
Басты сот талқылауы барысында Перизат Қайрат әуелі қор құрылтайшыларынан жауап алуды сұрап, сол сәтте «Нұр Отан» (қазіргі Amanat) партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атын атады.
15 шілдеде іс бойынша куәлерден жауап алынып жатыр. Оның ішінде Asar-Ume» қоғамдық бірлестігінің президенті Асхат Нұрмашев Қайрат басқарған қорға не себепті 200 млн теңге аударғанын айтты.