114 жастағы әлемдегі ең қарт марафоншы Фауджа Сингх жол апатынан қайтыс болды

Үндістанда 114 жастағы марафоншы Фауджа Сингх жол апатынан қайтыс болды. Жергілікті полиция оның өліміне себепкер болған күдіктіні — 26 жастағы Амритпал Сингх Диллонды ұстағанын мәлімдеді.
Апат Пенджаб штатының Джаландхар қаласына жақын жерде, Сингхтің туған ауылы Биас Пинд маңында болды. Сингх күндізгі серуен кезінде жолды кесіп өтпек болғанда, қатты жылдамдықпен келе жатқан жол талғамайтын көлік қағып кеткен. Ауыр жарақат алған марафоншыны жергілікті тұрғындар ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Фауджа Сингх — бүкіл әлемге аты мәлім рекорд иесі. Марафонмен 89 жасында айналыса бастаған. 2000 жылдан 2013 жылға дейін тоғыз толық марафон жүгіріп шыққан. 102 жасында кәсіби спорттық мансабын аяқтады. 2011 жылы Торонто қаласында 100 жастан асқан адам ретінде толық марафонды алғаш болып жүгіріп өткен. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында олимпиадалық алауды алып жүруге қатысқан.
Алайда Сингхтің жетістігі Гиннестің рекордтар кітабына енбей қалды — себебі оның 1911 жылғы туу туралы куәлігі болмаған. Дегенмен, оның 1 сәуір 1911 жылы туғаны Ұлыбритания төлқұжатында көрсетілген және ол 100 жасқа толғанда Ұлыбритания патшайымынан құттықтау хатын алған.
Фауджа Сингхтің есімі әлемге 2004 жылы Adidas компаниясының «Impossible is Nothing» атты жарнамалық науқаны арқылы кеңінен танылды.