ЕуроОдақ Украинаға көмекті 100 млрд еуроға дейін көбейтпекші

Еуропалық комиссия 2028–2034 жылдарға арналған ұзақмерзімді бюджеті аясында Украинаға 100 млрд еуро бөлуді ұсынды. Бұл туралы комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен бюджет жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді.
2027 жылға дейінгі қайта қаралған ЕО бюджетінде Украинаға көмек қоры ретінде 50 млрд еуро қарастырылған. Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, бұл қаражат біртіндеп таусылып жатыр, сондықтан жаңа ұсыныс бұрынғыдан екі есе көп сомаға есептеліп отыр. Мақсат – Украинаға қайта қалпына келу, тұрақтылықты сақтау және ЕуроОдаққа мүше болу жолында қолдау көрсету үшін көмек қорын қайта толықтыру.
Еурокомиссия ұсынған 2028–2034 жылдарға арналған жалпы ЕО бюджетінің көлемі 1,816 трлн еуроны құрайды. Бірақ әзірге бұл жоба алдағы екі жыл ішінде ЕуроОдаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен Еуропарламентте талқыланатын болады.
Осыған дейін Дональд Трамп Еуропа елдеріне Украина үшін қару-жарақ сатып алуды ұсынған еді. Бірақ Франция, Италия және Чехия жеке қорғанысты арттыру қажет, қаржыландыру тапшы деген себептермен бұл ұсыныстан бас тартты.