Қазақстанның Даму Банкі топ-менеджерлеріне 273 млн теңге сыйақы төлеген

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстанның даму банкі қанша сыйақы төледі / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның Даму банкі былтыр басқарма мүшелеріне жалпы сомасы 272,9 млн теңге сыйақы алған. Бүл туралы Қазақстан қор биржасындағы ақпаратта жазылған.

Бұл сома 2023 жылдың қорытындысы бойынша берілетін сыйақы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесіне арналған сыйлықақы, сондай-ақ еңбекақы түріндегі кірісті қамтыған. Аталған сома салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді ескере отырып есептелген.

Ақпаратта сыйақы жеті адамға төленгені жазылған. Бірақ банк басқармасында қазір бес адам бар: Марат Елібаев, Владимир Ли, Ботагөз Әбішева, Әсет Шәріпов және Бақытжан Омаров. Бұл құрам 2024 жылдың қыркүйегінде бекітілген.

Жыл ішінде басқарма құрамы бірнеше рет өзгерді. Мәселен, 2024 жылғы ақпанда басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Исенов қызметінен кетіп, оның орнына Владимир Ли келді. Тамыз бен қазан аралығында басқарма мүшелері қайта тағайындалды.

Сонымен қатар 2025 жылғы маусымда директорлар кеңесінен Ғани Өзбеков шығарылды.

Қазақстанның Даму банкі толықтай «Бәйтерек» ұлттық холдингіне тиесілі. Банк еліміздегі орта және ірі бизнес жобаларын қаржыландырумен және қолдаумен айналысады.

Сондай-ақ оқыңыз