Халықтың табысының төмендеуі бөлшек саудаға кері әсер етіп жатыр

Halyk Finance сарапшыларының бағалауынша, алдағы айларда бөлшек сауда секторының өсу қарқыны бәсеңдеуі мүмкін. Бұл үрдіс халықтың нақты табысының баяу өсу және Ұлттық банктің тұтынушылық несиені тежеуге бағытталған шараларымен байланысты.
2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан экономикасы 6,2%-ға өсті. Бұл өсімге сауда секторы елеулі үлес қосты. оның ЖІӨ-дегі үлесі 16,5%-ды құрады. Алайда бөлшек сауда, 2024 жылы айтарлықтай белсенділік танытқанымен, биыл сәл баяулаған.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың қаңтар–маусымында бөлшек сауда көлемі 6,6%-ға артқан. Былтыр осы кезеңде өсім 5,6% болған. Бірақ бұл көрсеткіш көтерме саудадағы өсіммен салыстырғанда әлдеқайда төмен – ол 9,2%-ға жетті.
Сарапшылар бұл айырмашылықты халық табысының төмендеуімен түсіндіреді. Биыл қаңтар–наурыз аралығында халықтың нақты табысы небәрі 1,2%-ға өскен. Бұл инфляцияның жеделдеуімен қатар, халықтың сатып алу қабілетіне кері әсер еткен. Дегенмен тұтынушылық несие беру көрсеткіштері бөлшек саудаға қысқа мерзімді қолдау көрсетіп отыр. Бірақ Ұлттық банк инфляцияны тежеу мақсатында бұл бағыттағы белсенділікті азайтуды жоспарлап отыр.
Сауда құрылымына келсек, Қазақстанда дәстүрлі түрде көтерме сауда басым. Оның жалпы саудадағы үлесі 67,4%-ды құрайды. Бөлшек сауда – 32,1%. Көтерме саудадағы өсімге мұнай-газ секторының белсенділігі, экспорттық операциялар және былтырғы төмен база әсер еткен. Мәселен, 2024 жылдың маусым айында көтерме сауда небәрі 3,3%-ға өскен болса, биыл бұл көрсеткіш үш есеге жуық артқан.
Бөлшек сауда құрылымында да азық-түлік емес тауарлар үлесі 69,9%. құрайды, Азық-түлік тауарлары – 30,1%. Сауда арналары арасында жеке кәсіпкерлердің үлесі бір жылда 26,4%-дан 27,6%-ға өскен.
Аймақтық бөліністе де теңсіздік байқалады. Бөлшек сауданың 52,7%-ы Алматы, Астана және Қарағанды облысына тиесілі. Ал Жетісу, Ұлытау және Түркістан облыстарының үлесі – небәрі 3,5%. Бұл өңірлік инфрақұрылымның әркелкілігін және сауда нарығының шектеулілігін көрсетеді.
Сонымен қатар, электронды сауда көлемі де артып келеді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында онлайн сауда көлемі 10%-дан астам өсіп, 1,5 трлн теңгеге жеткен. Оның 87%-ы алты ірі маркетплейстің үлесінде: Kaspi.kz, Hayk market, Forte, Jusan, Ozon және Wildberries.
Сауда секторының жалпы динамикасын қорытындылай келе, Halyk Finance сарапшылары бөлшек саудадағы өсімнің бәсеңдейтінін атап өтті. Мұның басты себептері – нақты табыстың баяу өсуі мен тұтынушылық несиеге шектеу. Ал көтерме сауда алдағы айларда да өсуін жалғастыруы мүмкін, оған мұнай өндірісінің артуы және мемлекеттік қолдау ықпал етпек.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда электрондық сауда көлемі шамамен 3,2 трлн теңгеге жетіп, бөлшек сауданың 14,1%-ын құраған.