19 баппен айыпталған Samsung басшысы толығымен ақталып шықты

Samsung Electronics компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ли Чжэ Ёнге қатысты сот процесі аяқталды. Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты оны бухгалтерлік есептегі алаяқтық пен акциялармен манипуляция жасау бойынша барлық айыптаудан толық ақтады.
Осылайша 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан сот процесіне нүкте қойылды.
Жоғарғы сот төменгі инстанциялар соттарының шешімін қуаттап, Ли жэ Ёнды Cheil Industries Inc. пен Samsung C&T компанияларының бірігуіне байланысты қозғалған қаржылық қылмыстар бойынша кінәсіз деп тапты. Барлығы Samsung басшысына 19 айып тағылған еді.
2023 жылы Оңтүстік Корея прокуратурасы Ли Джэ Ёнға қатысты 5 жыл бас бостандығынан айыру және айыппұл салу туралы талап қойған. Алайда сот мәміле заңсыз жүргізілгенін дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ деп шешті. Сондай-ақ басқа акционерлердің мүддесіне зиян келтірілді немесе қаржылық есепте алаяқтық болды деген тұжырымдар дәлелденбеген деп танылды.
Samsung негізін қалаушының немересі Ли Чжэ Ён 2022 жылдың қазанында компанияның директорлар кеңесінің төрағасы болып ресми тағайындалды. Бұған дейін ол төраға орынбасары қызметін атқарып, 2014 жылдан бері компанияны іс жүзінде басқарған болатын. Әкесі Ли Кун Хи сол жылы инфаркт алып, ес-түссіз жатқан. Ол 2020 жылы қазан айында қайтыс болды.
Айта кетейік, 2021 жылдың қаңтарында Ли Чжэ Ён Оңтүстік Кореяның экс-президенті Пак Кын Хеге пара бергені үшін 2,5 жылға сотталған еді. Алайда ол бірнеше айдан кейін, 2021 жылдың тамызында шартты түрде босатылған.
Бұл жаңалықтан кейін Samsung акциялары 3,1%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері олардың құны 25%-ға өскен.