Солтүстік Қазақстанда бос жатқан 75 жер учаскесі мемлекетке қайтты

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жыл басынан бері мақсатқа сай пайдаланылмаған 75 жер учаскесін анықтады. Олардың жалпы аумағы 146 мың гектардан асады.
Тексерудің нәтижесінде аумағы 33,2 мың гектарды құрайтын 36 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың нарықтық құны 29,8 млрд теңгені құрайды.
Атап айтқанда, Ақжар, Есіл, Тимирязев, Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов аудандарындағы жер пайдаланушылар Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ұзақ уақыт бойы ауыл шаруашылығы үшін деп алған 45 жер учаскесін мақсатқа сай пайдаланбаған.
Ал Петропавл қаласында бір кәсіпкер аумағы 123 гектар болатын, коммерциялық мақсаттағы жер учаскесін үш жыл бойы пайдаланбай келген.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар қайтарылған жерлерді адал жер пайдаланушыларға беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Каспий жағалауындағы жерді заңсыз беріп жіберген телімдер қайта мемлекет қарамағына өткен еді. Ал Маңғыстау облысында жалпы көлемі 91 мың гектар болатын 87 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.