Испания теңізге апарар жолды Назарбаевтың қызынан тартып алған

2023 жылғы тамызда Каталония Жоғарғы соты Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасын Льорет-де-Мар қаласындағы жолдың бір бөлігін ашуға міндеттеген.
Can Juncadella вилласы экс-президенттің қызы Динара Құлыбаеваға тиесілі. Зәулім сарай қожайындары туристердің жағалауға өтуіне кедергі жасаған.
Дәл осыған ұқсас жағдай енді Қазақстанның өзінде болып жатыр. Жақында депутаттар Назарбаевтың қызынан Алматыдағы бір көшені халыққа қайтаруды талап етті.
Испан баспасөзінің жазуынша, 38 мың адам тұратын Льорет-де-Мар қаласының тұрғындары 2007 жылдан бері қолайсыз көрші әрекетінен зардап шегіп келген.
Eldiario.es басылымы осы оқиға туралы жазған. Мәліметтерге қарағанда, екі тұрғын вилла маңында жүгіріп жүрген уақытта оларға қару асынған бір адам келіп, мұнда жүруге тыйым салған.
«Ол бізге бұл жекеменшік жол екенін, өтуге болмайтынын айтты. Біз қатты қорқып кеттік. Амалсыз кері қайттық», — дейді спортшылардың бірі.
Жанжал одан бұрын басталған. Сол кезде көршілер заңсыз құрылыс жүріп жатқанына, жол жабылып қалғанына шағымдана бастаған.
Can Juncadella вилласы 3 200 шаршы метр жерді алып жатыр. Ол Жерорта теңізі жағалауындағы табиғаты сұлу мекенде орналасқан.
2023 жылы жүз шақты адам вилла маңына жиналып, солардың бірқатары қоршауды құлатқан. Наразылық акциясына шыққандар қоғамдық орындағы жолды ашуды талап еткен. Олар Каталония Жоғарғы сотының шешімін орындауды талап еткен.

2023 жылғы қыркүйекте YouTube платформасында испан халқы жағалау маңындағы жолмен жүруге мүмкіндік алғаны туралы видео жарияланды.
2025 жылғы 17 шілдеде мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Сергей Пономарев Алмарасан шатқалындағы Әлмерек көшесін халық пайдалана алмай қалғанын айтты. Тексеру барысында бұл жер 2014 жылдан бері Динара Құлыбаеваға тиесілі екені анықталды.
Аумағы 6,25 га жер, соның ішінде жол, Құлыбаеваға 2007 жылы берілген. Енді жергілікті тұрғындар оны айналып, Навои көшесіне өту үшін 20 минут уақыт кетіруге мәжбүр. Күзетшілердің айтуынша, жер қожайыны осы маңға үш жылдан бері келмеген. Жолды биік қоршау бөгеп тұр. Одан өту мүмкін емес.