Тоқаев ақын Исраил Сапарбайдың ұлтжанды азаматтығын жоғары бағалады

Мемлекет басшысы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Исраил Сапарбайдың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, сазгер, Қазақстанның халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбайдың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
«Исраил Сапарбай ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан дарынды қаламгер еді. Ұлттық поэзия мен драматургияда өзіндік қолтаңбасын қалдырып, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнімді еңбек етті», – деп жазылған жеделхатта.
Бұған қоса, президент ақынның ұлтжанды азаматтығын халық жоғары бағалағанын атап өтті.
«Қалың оқырман өміршең туындыларымен қатар ұлтжанды азаматтығын жоғары бағалады. Соңына бай әдеби-мәдени мұра қалдырған Исраил Сапарбайдың жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды», – деп жазды Тоқаев.
18 шілдеде қазақ ақыны, драматург, сазгер Исраил Сапарбай 85 жасқа қараған шағында дүние салды.
Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстанның Самарқанд облысы Кушрабад ауылында туған. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Бірнеше жыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істеді. Кейін «Жалын», «Жазушы» баспаларында, «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етті.
70-ке тарта ән мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сығай серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
«Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері.