Абай облысында әйелінің жиенін зорлаған ер адам өмір бойына сотталды

Абай облысында әйелінің 2016 жылы туған жиенін бірнеше рет зорлап, оны азғындық жолға түсірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Істі облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Қылмыстық іс жабық түрде қаралды.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, ер адам 2024 жылдың тамызында Жарма ауданының Шар қаласында болған кезінде әйелінің 2016 жылы туған жиеніне қарсы қылмыс жасаған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ер адам өзіне тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.
Сот үкімімен ер адам 16 жасқа толмаған адамды азғындық жолға түсіру (ҚК-нің 124-бабы 1-бөлігі), сондай-ақ жас балаға қатысты бірнеше рет сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасау (ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігі) фактісі бойынша кінәлі деп танылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.