Африкалық футболшы Шымкентте 8 жылға сотталды

Африкалық футболшы Мбала Бомба Роджер 8 жылға сотталды. Істі Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қараған. Африкалық азамат жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады.
«Мбала Бомба Роджерді Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 3-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылсын. Оған жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу белгіленсін», – деді судья.
Бұл бапта есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу әрекеті көрсетілген.
Орталық Африкадағы Камерун Республикасының азаматы, 33 жастағы футболшы осы жылдың наурыз айында Шымкентте ұсталған. Ол «синтетикалық» есірткіні телеграмм арқылы таратқан деген күдікке ілінген.
Сотталушы үкіммен келіспейді, тағылған айыпты мойындамайды. Ол соңғы сөзінде соттан өзін ақтауды сұраған.
«Мен кәсіби футболшымын. Өмір бойы спортпен айналыстым. Әр ойын сайын есірткі туралы сұрайды. Есірткі туралы ой миыма кірген емес. 15 жылдан бері осы футболда болсам, онда есірткі мүлде болмайды. Есірткі мен үшін жабық тақырып. Алматыда балаларға француз тілін үйреттім. Мен жаман адам емеспін. Сізден ақтауды сұраймын», – деді ол соңғы сөзінде.
Роджер Мбаланың айтуынша, Қазақстанда жүргеніне 5 жылдан асқан. Бұрын сотталмаған. Айтуынша, есірткі қолданбаған, тасымаған. Қазақстан аймағында заңсыз жүргенін мойындайды, виза мерзімі бітіп қалған.
Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі есірткі тасымалдап, таратқан африкалық футболшының ұсталғанын жариялаған.