Соққыға жығылған дәрігер Қостанайдан Астанаға жеткізілді

Қабылдау бөлмесінде пациенттің шабуылынан зардап шеккен Қостанай облыстық ауруханасының дәрігері Астанаға жеткізілді. Ол саниавиация бортымен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген.
«Урология бөлімшесінің хирургі Антон Кистанов күрделі операция аяқталғаннан кейін науқастарды қабылдауды жалғастыру үшін аурухананың қабылдау бөлмесіне түсті. Бөлімшедегі пациенттің бірі шабуыл жасап, дәрігерді соққыға жықты, салдарынан дәрігер есінен танып қалған», – делінген ақпаратта.
Дәрігер реанимацияға жатқызылды. Оған бірнеше диагноз қойылған: мидың ауыр дәрежедегі соғылуы, миға жіті қан құйылу, бас сүйегінің жабық сынуы.
«Медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының жиілеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойы полиция посттарын тездетіп қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Ол қыркүйек айында Парламентке медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті күшейту туралы заңнамалық өзгерістер енгізілетінін айтты.
Сондай-ақ жұмыс орындарында дәрігерлердің қауіпсіздігін күшейту үшін медициналық мекемелерді бейнебақылау, күзет, дабыл түймесі, жедел жәрдем бригадаларын – бейнежетондармен жарақтандыру жоспарланып отыр.