Энергетика министрлігі автогаз бағасын тағы да қымбататуды ұсынды

Энергетика министрлігі сұйытылған газ бағасын жыл басынан бері екінші рет көтеруді ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Баға қаншаға дейін өседі
Министрдің бұйрығына енгізілетін өзгерістер жобасына сәйкес, 1 тамыздан бастап Астана мен Алматы қалаларында автогаз бағасы қазіргі 102 теңгеден 112 теңгеге дейін өседі.
Бағаның көтерілуі автогаз бен АИ-92 маркалы бензин бағасы арасындағы айырмашылықты азайтады. Мәселен, қазіргі уақытта Астанада Qazaq Oil жанармай құю бекеттерінде АИ-92 бензині литріне 219 теңге тұрады (2025 жылдың қаңтар айының соңында бұл баға республика бойынша ең көбі 205 теңге болған). Қоғамдық талқылауға ұсынылған жобаға сәйкес, республика бойынша ең төменгі бөлшек баға бұрынғыша Маңғыстау облысында сақталады – мұнда газ бағасы 65 теңгеден 72 теңгеге дейін өседі.
Ақтөбе мен Атырау облыстарында автогаз литрі 77 теңгеден 85 теңгеге дейін көтеріледі. Ал Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында баға 102 теңгеден 112 теңгеге дейін өседі. Осы өңірлердің шалғай елді мекендерінде автогаз литрі 117 теңге болады (қазіргі баға – 107 теңге).
Батыс Қазақстан облысында да газ бағасы 77 теңгеден 85 теңгеге дейін көтеріледі. Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында автогаз литрі 90 теңгеден 102 теңгеге дейін қымбаттайды.
Министрлік бұл бөлшек баға өсімін «түзету» деп атап отыр. Аталған қажеттілік сұйытылған мұнай газын өндірудің тұрақты түрде шығынмен жүруіне байланысты туындаған. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 70–80 мың теңге аралығында, ал зауыттарға арналған шекті көтерме баға тек 51 932 теңге болып белгіленген.
Салдарынан газ өндіретін зауыттарда жаңғырту жұмыстары мен жоспарлы жөндеулерді жүргізуге қаражат жетіспеуде. Осы шығынның әсерінен зауыттар сұйытылған газ өндірісіне қызығушылықтарын жоғалтып, табысы жоғары өнімдерге ауысуға мәжбүр. Бұл жағдай ішкі нарықты толық қамтуға қауіп төндіреді.
Министрлік 2022 жылы елде сұйытылған газ тұтыну көлемі 1,8 млн тонна болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,4 млн тоннаға жеткенін еске салады. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2025 жылы ішкі тұтыну тағы 200 мың тоннаға өсіп, 2,6 млн тонна болады. Ал газ тапшылығы 30–40% көлемінде болуы мүмкін.
«Соған қарамастан, Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы ТМД елдері ішіндегі ең төмендердің бірі болып қалып отыр», — делінген баспасөз хабарламасында.
Себеп неде
Жобаға сәйкес, шекті көтерме баға тоннасына 51 932 теңгеден 59 722 теңгеге дейін өседі. Ал бөлшек баға аймақтық ерекшеліктерге қарай 7–10 теңгеге көтеріледі.
Министрлік бұл шара ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ газ өңдеу саласына инвестиция тарту үшін жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
Айта кетейік, маусым айында министрлік автогазға арналған шекті көтерме бағаны 2025 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін 51 932 теңге деңгейінде қайта бекітуді жоспарлаған. Бұл баға 1 ақпаннан 30 маусымға дейін қолданыста болды. Бұған дейінгі шекті баға 45 158 теңгені құраған, яғни өсім 15% болды.
Сондай-ақ, Энергетика министрі болған Алмасадам Сәтқалиев 2023 жылғы 22 желтоқсандағы бұйрығына өзгеріс енгізген болатын. Осы өзгеріске сәйкес, 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап автогаздың бөлшек бағасы 5–20 теңгеге өсіп, 30,5%-ға дейін артты. Мәселен, Астанада автогаздың шекті бөлшек бағасы бұрынғы 84 теңгеден 102 теңгеге дейін көтерілді. Алматы мен Алматы облысында – 89 теңгеден 102 теңгеге дейін.
Автогаз — бұл автокөліктерге арналған отын ретінде пайдаланылатын сұйытылған мұнай газы. Ол әдетте пропан мен бутанның қоспасынан тұрады және қысыммен сұйық күйде сақталады. Автогаз — бензин мен дизельге қарағанда үнемді әрі экологиялық жағынан тиімді балама ретінде танымал.