Астанада құрылыс алаңында кран құлап, бір адам қаза тапты

Астанадағы Тұрар Рысқұлов көшесіндегі «Абырой» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында қайғылы оқиға орын алды. Қатты жел салдарынан кран құлап, бір адам көз жұмды.
Оқиға 18 шілде кешкі сағат 20:07 шамасында орын алған. Екпінді жел кенеттен қатты соғып, салдарынан құрылыс алаңында мұнаралық кран аударылып түскен. Нәтижесінде оқиға орынында бір жұмысшы қаза тапты.
Салынып жатқан тұрғын үй кешені BI Group холдингіне тиесілі болған.
«Кран техникалық тұрғыдан жарамды күйде болған және алаңдағы барлық техника секілді жұмыс басталар алдында міндетті тексерістен өткен. Оқиға болған сәтте кран машинисі жұмысын аяқтап жатқан, жұмыс күні де аяқталуға жақын еді», — деп хабарлады BI Group компаниясы.
Компанияның мәліметінше, төтенше жағдайлар қызметтерінен дауылды ескерту туралы ақпарат оқиға болғаннан кейін ғана түскен.
Қазіргі уақытта оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі мен тиісті мамандар жұмыс істеуде.
Оқиға орнынан түсірілген және мұнаралы кранның құлаған сәті Instagram желісіндегі @astana_pokazhet_ парақшасында жарияланды.
BI Group қаза болған жұмысшының отбасына жан-жақты көмек көрсететінін және тергеу нәтижелері бойынша қажетті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.
Дәл осындай жағдай бір ай бұрын Алматыда да орын алған еді. Тұрғын-үй кешені аумағында құрылыс жүмыстарын жүргізіп жатқанда кран құлап, оның операторы қаза тапқан болатын. Оқыс жағдай Сәтпаев 90/5 мекенжайында болған.