Ресей билігі WhatsApp мессенджерін нарықтан шығарып тастауы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
WhatsApp мессенджері Ресей нарығынан кетуі мүмкін / Коллаж: kursiv.media архиві

Ресей Думасының ақпараттық саясат жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Антон Горелкин Telegram-дағы парақшасында WhatsApp мессенджері Ресей нарығынан кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, бұл мессенджер Ресейде әзірленіп жатқан «достық қатынаста емес елдердің бағдарламалары» деп аталатын арнайы тізіміне енгізілуі мүмкін. Мұндай тізімді әзірлеу тапсырмасын Владимир Путин берген.

Айта кетейік, ресейліктердің 68%-ы күнделікті режимде WhatsApp мессенджерін пайдаланады. Танымалдық жағынан екінші орында – Telegram. Оны күн сайын ресейліктердің 55%-ы қолданады.

Горелкиннің пікірінше, WhatsApp-тың орнын VK компаниясы әзірлеп жатқан ресейлік ұлттық мессенджер – Max басуы мүмкін.  Депутат Telegram бұл тізімге енбейтінін айтады.

«Telegram-ның юрисдикциясы әлі де толық анық емес: Роскомнадзор тізілімінде тіркелген елі ретінде Британдық Виргин аралдары көрсетілген. Алайда Павел Дуровтың компаниясының бас кеңсесі бізге достық қарым-қатынастағы ел – Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан. Жеке өз басым Telegram бұл тізімге енбейді деп ойлаймын, әсіресе, егер ол Ресей заңнамасының талаптарын орындап, осы нарықта қалуға ниетті екенін көрсетсе», – деп жазды Антон Горелкин.

Еске салайық, 1 маусымнан бастап WhatsApp IPhone-нің кейбір модельдерінде жұмыс істеуін тоқтатты. Аталған өзгеріс Android-қа да қатысты.

Сондай-ақ оқыңыз