Көрші елдерде жанармай бағасы қанша

Жарияланды
Казахстан продлит запрет на вывоз нефтепродуктов до начала 2027 года
Қазақстанда бензин бағасы қанша/Фото: kursiv.media

Әлемде бензиннің орташа бағасы-672,09 теңге

GlobalPetrolPrices зерттеу орталығының мәліметінше, осы жылдың 7 шілдесіндегі жағдай бойынша октан-95 (АИ-95) маркалы бензиннің әлемдегі орташа бағасы литріне 672,09 теңгеге жеткен. Елдер арасындағы бағалардың айырмашылығы бензинге салықтар мен субсидиялардың әртүрлілігіне байланысты болып келеді. Барлық ел халықаралық нарықтардағы бірдей мұнай бағасына қол жеткізе алғанымен, ішкі салықтық реттеулердің салдарынан бензиннің бөлшек саудадағы бағасы әртүрлі.

Зерттеу орталығының есебі бойынша, әлемдегі 150-ден аса елдің бөлшек саудадағы бензиннің ең төмен баға мен ең қымбат баға арасындағы айырмашылығы 400 еседен асып отыр. 20 елде жанармай бағасы 1000 теңгеден жоғары, солардың ішінде Швейцария, Сингапур, Дания елдерінде АИ-95 маркалы бензиннің құны 1 000 теңгеден жоғары бағада сатылады. Ал, ең қымбат жанармай 1 848 теңге және бұл Гонконгта тіркелген. Керісінше Ливия мен Иран елдерінде жанармайдың 1 литріне 14-15 теңге аралығында ғана.

Инфографика 01: Көрші елдердегі жанармай бағасы

Көрші елдердегі жанармай бағасы: Қазақстан – аймақтағы «арзан энергия» ошағы

2025 жылдың 7 шілдесіндегі деректерге сүйенсек, Қазақстан жанармай бағасы жағынан көрші елдерден бірнеше есе арзан екенін тағы бір дәлелдеді. Мәселен:

  • АИ-92 бензинінің 1 литрі Қазақстанда 215 теңге болса, Өзбекстанда — 442,48 теңге, Қырғызстанда — 399,60 теңге, ал Ресейде — 384,22 теңге.
  • АИ-95 те солай: Қазақстанда 273,21, ал Өзбекстанда — 518,12, Қырғызстан — 447,39, Ресей — 424,21 теңге.
  • Дизель отыны да айқын айырмашылықпен: Қазақстанда 310,12 теңге, ал Ресейде — 470,53, Өзбекстанда — 495,74 теңге.

Өзбекстан

  • Аймақтағы ең қымбат нарық – барлық көрсеткіш бойынша.
  • АИ-95 бензині – 518 теңге, бұл Қазақстанмен салыстырғанда 2 есе қымбат.

Себептері:

  • Жанармайға субсидиялардың шектелуі;

  • Импорт үлесі жоғары, елде толық өндіріс қуаты жеткіліксіз;

 Қорытынды: Өзбекстан өзін өзі толық қамтамасыз ете алмайды, сондықтан импорт пен баға тұрақсыз.

 Қырғызстан

  • АИ-92 – 399,60 ₸, бұл Қазақстанмен салыстырғанда +85% қымбат.
  • Жанармайдың көбі Ресей мен Қазақстаннан импортталады.
  • Ішкі өндіріс жоқтың қасы, бұл елді сыртқы нарыққа тәуелді етеді.
  • Инфрақұрылым әлсіз, қойма жүйесі мен логистика бағаны қымбаттатады.

Қорытынды: Қырғызстан – толықтай импортқа тәуелді ел. Баға аймақтық тұрақсыздыққа өте сезімтал.

 Ресей

  • Айтарлықтай өндірістік қуатқа ие, әлемдегі ірі мұнай өндірушілерінің бірі.
  • Алайда АИ-92 бензині – 384,22 ₸, Қазақстаннан 1,8 есе қымбат.

Себебі:

  • Салық жүктемесі жоғары;
  • Логистика мен ішкі субсидиялардың төмендеуі;

2022 жылдан бері экономикалық санкциялар логистика мен өндірістің өзіндік құнын арттырды.

Қорытынды: Ресей өзін толық қамтамасыз етеді, бірақ бағасы ішкі саясатқа байланысты жоғары. Экспортқа бағытталған саясат ел ішінде бағаны төмендетуге кедергі.

Қазақстан — жанармай құны бойынша ТМД кеңістігінде ең төмен бағаны ұсынатын ел. Бұл — мемлекет тарапынан жанармайға бақылаудың және мұнай өңдеу өндірісінің ішкі қажеттілікті қамтамасыз ете алуының нәтижесі.

Инфографика 02: АИ-92 бензин бағасы қалай өзгерді?

АИ-92 бензин бағасының өзгерісі — экономикалық көрсеткіш

2018 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанда АИ-92 бензиннің бағасы айтарлықтай өзгерді. Егер 2018 жылы литрі 158 теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 203 теңгеге жетіп, 28%-ға өскен.

2019 жылы баға 150 теңгеге дейін төмендеді. Бұл – мемлекет тарапынан бақылаудың нәтижесі еді. Бірақ кейіннен қайта өсу басталды: 2020 жылы – 152 теңге, 2021 жылы – 165 теңге. Бұл кезеңде COVID-19, логистикадағы қиындықтар мен инфляция басты рөл атқарды.

2022 жылы бензин 182 теңге болды. Ал 2023 және 2024 жылдары баға 203 теңге деңгейінде тұрақтады. Екі жыл қатарынан өзгеріссіз қалуы нарықтағы белгілі бір тұрақтылықты көрсеткенімен, халыққа оңай болмағаны анық.

Бензин бағасының өсуі – тек көлік иелеріне ғана емес, жалпы экономикаға әсер ететін фактор. Тасымал қымбаттаса, азық-түлік пен басқа тауар бағасы да көтеріледі.

Бағаны қолдан реттеуден бас тарту

ҚР Энергетика министрлігі ішкі нарықта АИ-92 маркалы бензиннің  бағаларына  қаулы шығару арқылы шектеу енгізіп келеді. Сол себепті жанармайда «нарықтық баға» болмады. Алайда мемлекет экономиканы ырықтандыру саясатына біртіндеп көше бастады. Бұл жанармай бағасына бұрынғы шектеулер алынып, нарық тауар бағасын анықтайды. Бұл саясат біртіндеп жүргізіледі.

Инфографика 03: Жанармай өңдеу серпіні қандай?

Импорттың төмендеуі мен жаңа қуаттардың жоспары қандай?

Қазақстан жанар-жағармай материалдарын импорттауды біртіндеп азайтуға көшті. Отандық мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты қамтамасыз етуде. 2023 жылы Энергетика министрлігінің мәліметінше, 17,7 млн тонна мұнай өңделіп, 14,2 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді, оның ішінде 5,3 млн тонна бензин және 5,2 млн тонна дизель отыны. Бұл ретте 5,1 млн тонна бензин, 5,6 млн тонна дизель отыны тұтынылды.

Жанармай бағасының төмендігі тек субсидия есебінен емес. Қазақстанның ішкі мұнай өңдеу инфрақұрылымы жылдан-жылға тұрақтанып келеді. Үш ірі зауыт:

  • Атырау МӨЗ
  • Павлодар МХЗ
  • Шымкент МӨЗ

2024 жылы барлығы 14,2 млн тонна мұнай өнімін өңдеген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда мардымсыз ғана өсім (+40 мың тонна), алайда өндірістің тұрақтылығы және көлемнің құлдырамауы — оң көрсеткіш.

Инфографика 04: Отын-энергетика балансы

Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенінің ахуалдық-талдамалық орталығының 2024 жылдың І жартжылдығындағы отын энергетика балансында мұнай өңдеу зауыттары  ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету- 98,7%, бензин (АИ-92) -100,2%, бензин (АИ-95) -98,2% қамтамасыз еткен. Ал авиаотын бойынша  ішкі нарықты қамтамасыз ету көрсеткіші-80,4%-ды құрап отыр.

Қазіргі уақытта зауыттардың мұнай өңдеу қуатын жылына 18-ден 27 млн тоннаға дейін арттыру жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды министрлік. Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өткізу қабілетін жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМЗ) – 5,5 млн тоннадан (2 кезеңде), Атырау мұнай өңдеу зауытының – 5,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. тоннаға дейін немесе мұнайды қайта өңдеу қуаттылығын 0,7-1 млн тоннаға дейін ұлғайту. Сонымен қатар жол битумын өндіруге маманданған Caspi Bitum зауытының қуатын 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.

Модернизациядан кейін Қазақстандық ірі мұнай өңдеу зауыттарында бұл көрсеткіш 85-89%-ға дейін өсті: Атырау зауытында – 64%-дан 86%-ға, Павлодарда – 77%-дан 85%-ға, Шымкентте – 74%-дан 89%-ға жуықтады.

Қазақстан жанармайды арзан әрі тұрақты жеткізіп отырған сирек елдердің бірі. Бірақ бұл тепе-теңдікті сақтау үшін субсидиялық жүктемені азайтып, өндірісті жаңғырту, сондай-ақ импорт тәуелділігін толық жою – басты мақсат болуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз