Индонезияда 280 жолаушысы бар паром өртеніп, адамдар қаза тапты

Индонезияның Солтүстік Сулавеси провинциясында 280 адам мінген паром өртеніп, бірнеше адам қаза тапты. Бұл туралы Xinhua агенттігі хабарлады.
KM Barcelona 5 паромында өрт Манадо қаласының маңындағы суларда жүрген кезде тұтанған. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде үш адам қаза тауып, 150-ге жуық жолаушы құтқарылды.
«Үш адам көз жұмды, ал шамамен 150 адам аман-есен құтқарылды. Оларды бірлескен құтқару топтары мен жергілікті балықшылардың қайықтары құтқарып үлгерді», – деді құтқарушылар өкілі Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Жоғалған адамдарды табу үшін екі кеме, бірнеше үрлемелі қайық және өзге де су көліктері жұмылдырылған.
Оқиғаның себебі әлі анықталған жоқ. Тиісті органдар тергеу жүргізіп жатыр.