Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері көшуге қарсы шығып, полициямен қақтығысты

Бүгін 21 шілде күні Алматы қаласындағы Бағанашыл ықшамауданында орналасқан №1 балалар үйінде тәртіп сақшылары мен тәрбиеленушілер арасында жанжал орын алды. Полиция қызметкерлері таңертең балаларды Қонаев қаласындағы жаңа балалар үйіне көшіру үшін келген. Алайда тәрбиеленушілер көшуге қарсы болып, полицияға қарсы шықты.
Юрист Анна Чернова жариялаған бейнежазбада балалар полицияның келуін қауіп ретінде қабылдап, қарсылық танытып жатқаны көрінеді. Кадрларда балаларды алып кетуге арналған автобус пен оны қоршаған полиция қызметкерлері бейнеленген. Жеткіншектер айғайлап, тәртіп сақшыларының әрекетіне кедергі келтіруге тырысқан. Бір қыздың есінен танып қалғаны да кадрға түскен. Балалар:
«Тиіспеңдер бізге! Қолыңызды тартыңыз! Бізді ұстауға құқығыңыз жоқ!» – деп айқайлайды.
Бейнежазба авторы бұл көшудің «ерікті» деп сипатталуы шындыққа жанаспайтынын алға тартты.
Балалар неге көшуден бас тартып отыр?
Бұл даулы жағдай биылғы наурыз айында басталған. Сол кезде тәрбиеленушілер №1 балалар үйінің Алматы облысындағы жаңа мекенге көшу жоспарына қарсы шыққан еді. Ресми себеп – ескі ғимараттың апатты жағдайы. Дегенмен, белсенділер Аружан Саин мен Анна Чернова бұл жағдайдың артында Бағанашылдағы жер теліміне элиталық тұрғын үй кешенін салу жоспары бар екенін айтып, дабыл қаққан. Бұл істе экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваның есімі де аталған.
Жаңа балалар үйі Қонаев қаласынан 20 шақырым жердегі Заречный ауылында орналасатын болады. Жаңа ғимарат заман талабына сай, кең әрі ыңғайлы деп сипатталған. Алайда балалар ол жерде түрме мен батпақтың жанында өмір сүруге мәжбүр боламыз деп алаңдайды.
Уәделер неге орындалмады?
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бұған дейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесуден кейін балалар көшіру болмайды деп мәлімдеген. Алайда 2025 жылдың шілде айында Алматы облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Маралбаева балаларды көшіру туралы бұйрыққа қол қойған.
Мәжіліс депутатының сыны
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл көшіруді сынға алды. Оның айтуынша, Бағанашылдағы балалар үйі орналасқан құнды жер телімі элиталық жылжымайтын мүлік салу үшін пайдаланылуы мүмкін.
Ал әкімдік болса, барлық тәрбиеленушілер бірдей көшірілмейді деп сендіріп отыр. Бағанашылда оқып, тұрып жатқан балалар оқу жылын сол жерде аяқтайды.