Ақтауда қоғамдық көлік жүргізушілер ереуілге шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ақтау қаласынан аудандарға қатынайтын автобустар / фото: instagram.com/caspian_avtopark
Ақтау қаласынан аудандарға қатынайтын автобустар / фото: instagram.com/caspian_avtopark

Дүйсенбі, 21 шілдеде Ақтау қаласының тұрғындары қоғамдық көліксіз қалды. Себебі автобус жүргізушілер айлықты көтеруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілге шықты. Бұл туралы жергілікті Lada.kz басылымы хабарлайды.

Басылым мәліметінше, бұл күні Ақтау ғана емес, облыс орталығынан аудандарға қатынайтын автобустар да рейске шыққан жоқ. Көлік жүргізушілердің 80%-дан астамы ереуілге қосылды.

Жұмысшылардың айтуынша, олар «Caspian Trans Corporation» мен «Каспий Авто Парк» компанияларының басшылығына бірнеше мәрте өтініш жасаған. Бұған қоса, облыс әкімдігіне, еңбек инспекциясы мен қалалық прокуратураға шағымданған. Арызға ешкім көңіл бөлмеген соң, жүргізушілер наразылық акциясына шығуға мәжбүр болған.

Олар айлықты көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды, сонымен бірге толыққанды әлеуметтік пакет ұсынуды талап етіп отыр.

«Адамдар жұмысты кеш аяқтап, таңертең сағат төртте тұрып, бесте қайтадан жұмысқа шығады. Шаршайды. Жол апатының көп болуының бір себебі осы. Рөлде отырып, қалғып кетеді», – дейді ереуілде тұрғандардың бірі.

Оның айтуынша, кәсіпорындар жұмысшыларға дұрыс жағдай жасамай отыр.

«Басшылық біздің уәжімізді тыңдамайды. Шаршадық. Айлық алу үшін де бухгалтерге жалынуға мәжбүр боламыз. Ауырған күндер ақысы төленбейді. Жұмыс жағдайы жасалмаған. Дәрет алатын жер де жоқ. Таңғы бестен түнге дейін жұмыс істейміз. Әлеуметтік пакет атымен жоқ. Бүгін қала іші мен ауданаралық автобустар рейске шықпады», – дейді жүргізушілердің бірі.

Ереуіл жүріп жатқан жерге жолаушы тасымалдайтын компания басшылары мен прокуратура өкілдері келді. Олар жүргізушілермен келіссөз жүргізіп жатыр, деп жазды ақтаулық басылым.

Сондай-ақ оқыңыз