Қамаудағы адамның құқығын қорғауға қатысты нормаға өзгеріс енгізу ұсынылды

Конституциялық сот қамауға алынған адамның құқығын қорғауға қатысты өтінішті қарады. Осылайша Қылмыстық-процестік кодексіне өзгеріс енгізу қажет екенін анықтады.
Өтініш беруші тергеу соты белгілеген өзін күзетпен ұстау мерзімі 2024 жылдың 18 желтоқсанында аяқталғанын көрсеткен. Қылмыстық істі сот іс жүргізуге 2024 жылдың 20 желтоқсанында қабылдаған. Яғни, қамауда ұстау уақыты ұзартылмаған.
Азамат өзін қамауда ұстау сот белгілеген мерзім өткеннен кейін де жалғасты деп есептейді.
Айта кетейік, бұл норма Қылмыстық-процестік кодексінің 319-бабы 5-бөлігінде көрсетілген. Бұл нормаға сәйкес судья істі іс жүргізуге қабылдау туралы қаулы шығарып, бір мезгілде сотқа берілген адамға қатысты бұлтартпау шарасы мәселесін қарауға міндетті. Мұндай адамды күзетпен ұстау мерзімі өткен жағдайда судья көрсетілген мерзімді ұзартуы қажет.
«Күзетпен ұстау түріндегі кез келген шектеуге тек заңда белгіленген негізде және тәртіппен және соттың санкциясымен ғана жол беріледі. Қылмыстық сот ісін жүргізудегі бұлтартпау шараларына байланысты заңнамалық тетіктер тұрақты және дер кезіндегі сот бақылауын қамтамасыз етуге тиіс», – делінген ақпаратта.
Осылайша Конституциялық соттың пікірінше, сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталғаннан кейін де адамды күзетпен ұстау мәселелерін регламенттейтін қылмыстық-процестік нормаларды неғұрлым нақты жазу қажет.
«Конституциялық сот ҚПК-нің 319-бабы бесінші бөлігінің қисынсыз тұжырымдалғанына, бұны практикада судьяны қылмыстық істі қарау кезеңінде күзетпен ұстау мерзімін, егер іс сотқа келіп түскен кезде оның мерзімі өтіп кетсе, баламасыз ұзартуға міндеттейтін деп түсінуге болатынына назар аударады», – делінген ақпаратта.
Конституциялық сот Қылмыстық-процестік кодексінің 319-бабының бесінші бөлігін «егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзартуға» деген сөздер бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.
Үкіметке 6 айдан кешіктірмей, Парламент мәжілісіне заңнаманы баяндалған құқықтық ұстанымдарға сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын енгізуді ұсынылды.
Бұған дейін Жоғарғы cот алимент өндіріп алуға қатысты нормативтік қаулысына өзгеріс енгізді. Бұл туралы Конституциялық сот хабарлады.