Қазақстан ЕАЭО елдері арасында инфляция бойынша көш бастап тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
5 елдің арасында Қазақстанда инфляция жоғары / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың алғашқы жарты жылында Қазақстанда инфляция деңгейі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің ішінде ең жоғары болды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Статистика департаменті жариялаған мәліметтерде айтылған.

Статистикаға сәйкес, маусым айында Қазақстанда тұтыну бағаларының жылдық өсімі 11,8%-ды құрады. Ал 2024 жылдың желтоқсанынан бергі кезеңде баға 7%-ға қымбаттаған. Бұл көрсеткіштер Қазақстанды одаққа мүше бес елдің ішінде инфляция қарқыны бойынша алдыңғы орынға шығарды.

Салыстырар болсақ, Ресейде жылдық инфляция 9,4% болды, ал жыл басынан бергі өсім 3,8%-ды ғана құраған. Беларусьте бұл көрсеткіштер тиісінше 7,3% және 5,4%, Қырғызстанда 8% және 4%, ал Арменияда – ең төменгі деңгейде – 3,9% және 1,5% шамасында тіркелген.

Қазақстандағы баға өсімі тұтыну себетінің барлық негізгі құрамдас бөліктерін қамтыған. Азық-түлік бағасы 2024 жылдың желтоқсанынан бері 7,6%-ға, азық-түлік емес тауарлар 4,5%-ға, ал ақылы қызметтер 8,7%-ға артқан. Бұл көрсеткіштердің барлығы ЕАЭО елдерінің орташа деңгейінен жоғары.

Сарапшылар мұндай қарқынның бірнеше себебін атап отыр. Біріншіден, халық табысының артуы ішкі тұтыну сұранысын күшейтті. Соңғы уақытта жалақы мен әлеуметтік төлемдердің өсуі бөлшек сауда көлеміне де әсер етуде. Екіншіден, инфляцияға импорттық тауарлар мен логистика шығындарының қымбаттауы да ықпал етті. Қазақстан нарығында тұтыну тауарларының елеулі бөлігі шетелден жеткізілетіндіктен, сыртқы факторлар мен теңге бағамының құбылмалылығы баға белгілеуге тікелей әсер етеді.

Үшіншіден, реттелетін коммуналдық қызмет тарифтерінің қайта қаралуы да жалпы инфляциялық қысымды күшейткен. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, білім және денсаулық сақтау саласындағы қызметтер айтарлықтай қымбаттаған.

Төртінші себеп – инфляциялық күтулердің жоғары болуы. Тұрғындар мен кәсіпкерлер бағаның өсе береді деген болжаммен әрекет етіп, тауарлар мен қызметтердің бағасын алдын ала көтеруі мүмкін. Сонымен қатар кейбір нарықтарда бәсекенің төмендігі де баға тұрақсыздығына әкеледі.

Сондай-ақ оқыңыз