Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Бағанашылдағы балалар үйіне барады

Алматы қаласындағы №1 балалар үйі мекемесі төңірегінде соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге байланысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы барады. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы хабарлады.
Министр қала әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге балалардың қауіпсіздігі мен тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету, оқу процесінің үздіксіз әрі сапалы ұйымдастырылуын қадағалау мақсатында тиісті жұмыстарды үйлестірмек.
«Қазіргі таңда тәрбиеленушілерге психологиялық қолдау көрсетіліп, әр баланың моральдық-психологиялық күйіне ерекше назар аударылуда. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толықтай сақталады», – делінген министрлік хабарламасында.
Қоғамда туындаған алаңдаушылықты ескерген министрлік бұл жағдайды ерекше бақылауға алып отыр. Әрбір баланың лайықты білім мен тәрбие алуына, қауіпсіз ортада өсуіне қажетті барлық шаралар қабылданатын болады.
Еске сала кетейік, бүгін 21 шілде күні Бағанашылдағы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді полиция күшпен Қонаев қаласына алып көшірмек болған. Алайда қоғамда үлкен резонанс тудырып президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласқан еді.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл жағдайдан кейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің орнын босатуын сұрады.