Атырау облысындағы «Ақжайық» қорығында құстардың жаппай қырылғаны анықталды

Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында құстардың жаппай қырылуы тіркелді. Бұл жайында кешен әкімшілігі хабарлады.
16 шілде күні мониторингтік бақылау барысында Каспий теңізіндегі Шалыға аралында өлген құстардың денелері табылған.
«18 шілдеде Атырау облысының орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының маманымен бірге тексеру жүргіздік. Қарау барысында құстардың өлі денелері табылды, – делінген хабарламада.
Құстардың жаппай қырылуының нақты себебін анықтау үшін мамандар сараптама жүргізуде. Қорық аумағында күнделікті мониторинг жалғасып жатыр.
Еске салып өтейік, Каспийде итбалықтардың қырылуына не себеп болғанын да министрлік әлі анықтаған жоқ. Дегенмен мамандар теңіз ортасының ластануы себеп болуы мүмкін деген болжам айтып отыр.