Теңіз кен орнындағы өндірістің баяулауы экономика өсімін тежеуі мүмкін

2025 жылдың алғашқы жартысында Теңіз кен орнындағы кеңейту жобасы Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші болды. Алайда Halyk Finance сарапшылары жылдың соңына қарай елдегі мұнай өндіру көлемі қайта қысқаруы мүмкін екенін ескертеді.
Олардың айтуынша, Теңізде мұнай өндірудің артуы мұнай өнімдері мен газ өндірісіне, көлік және көтерме сауда салаларына серпін берген. Осылайша, тау-кен өндірісі бір жыл ішінде 8,4%-ға өсті (2024 жылдың алғашқы жартысында бұл өсім бар болғаны 0,3% болған еді).
«Өсім негізінен мұнай мен табиғи газ өндіру көлемінің 11,4%-ға артуымен байланысты болды. Бұл ресурстардың тау-кен өндірісі құрылымындағы үлесі 71,9%-ды құрады. Теңіз кен орнындағы белсенді өндіру экономикалық өсімнің жеделдеуіне үлкен үлес қосты», — деді Halyk Finance-тің аға аналитигі Арслан Аронов.
Өңдеуші өнеркәсіп те алғашқы жартыжылдықта өсім көрсетті. Бірақ саланың басты бағыты саналатын металлургия (оның үлесі 40,1%) бір жылда небәрі 0,1%-ға ғана артқан. Энергетика саласында да өсім тым аз — 0,5%.
«Экономика 6,2%-ға өскенде металлургия мен энергетика секілді салалардың тоқырауы немесе өте баяу дамуы мұндай өсімнің тұрақты емес екенін көрсетеді. Жылдың екінші жартысында Теңіздегі жаңғырту жобасының аяқталуына байланысты тау-кен өндірісіндегі қарқын баяулауы мүмкін», — дейді Аронов.
Оның болжауынша, бұл жағдай мұнай өндірісінің өсімін тежеуі және өнеркәсіп секторының даму қарқынына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, сарапшы электр жарығы, газ бен сумен қамтудың өсімі әлсіз екеніне назар аударады. Бұл мәселе де экономика өсімін кері тартуы мүмкін.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 96,2 млн тонна мұнай өндірмек. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 9,7%-ға көп
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2025 жылы артып жатқанымен, жеке сектор белсенділігі төмендеп келеді. Halyk Financе сарапшылары бұл жағдай экономиканың ұзақмерзімді дамуына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерткен.