Қымбатшылық қыспағы: Үкімет пен Ұлттық банк тығырықтан шығар жол іздеп жатыр

Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк елдегі инфляцияны қайткенде 5 пайызға дейін түсіруге ниетті. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында инфляцияны тежеу мәселесі тағы да талқылаған.
5% – Ұлттық банк пен үкіметтің макроэкономикадағы ұстанған басты «бағыты». Алайда бұл межеге жету оңайға түспейді. Өйткені 2025 жылдың басынан бері Қазақстандағы инфляция қарқын алмаса, баяулаған жоқ.
Маусым айында жылдық мәнде 11,8 пайызға жетті. Яғни 2024 жылдың маусым айымен салыстырғанда азық-түлік, тауар мен қызмет бағасы 11,8 пайыз қымбаттады деген сөз. Тауар мен тамақ бағасы қымбаттаған сайын, халықтың сатып алу қабілеті төмендей береді.
Ұлттық банк инфляцияның өсуіне әлемдік нарықтағы, коммуналдың тарифтердің өсуі, тұтынушылық сұраныстың күшеюі және инфляциялық жорамалдар сынды факторлар себеп болғанын мәлімдеді.
Енді үкімет пен бас банк инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі қысқа әрі ұзақмерзімді қамтитын шараларды нақтылаған. Құжат жақын арада Үкіметтің жеке қаулысымен қабылданбақ.
Негізгі бағыттардың қатарына ішкі өндірісті ұлғайту, тариф саясатының болжамдылығын арттыру, негізгі тауарларға бағаны тұрақтандыру және инфляциялық жорамалды азайту жатады. Сондай-ақ отандық өндірісті қолдау, ішкі нарықты қанықтыру және сауда үстемелерін бақылау жалғаспақ,
Жалпы, 2023 жылы осындай кешенді шараларді жүзеге асыру инфляциялық қысымды 4,16 пайыздық тармақшаға, 2024 жылы 2,3 пайыздық тармақшаға төмендетуге мүмкіндік берген. 2023 жылы қаңтар-ақпанда Қазақстандағы инфляция рекорд орнатып, 21,3 пайыздан асып кеткен еді. Сол кезде бұрынғы үкімет басшысы Әлихан Смайылов елдегі инфляцияны екі есе төмендетуге тапсырма беріп, жыл соңына қарай 10,3 пайызға дейін төмендеген.
Енді сол шаралар қайта қолға алынып, 2026 жылға дейін жүзеге асуы тиіс. Бұл ретте Ұлттық Банк ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жалғастыра бермек.
Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында көздеген инфляция деңгейіне жету үшін бүкіл жауапты мемлекеттік органдар келісілген әрі жүйелі шаралар қабылдау керек екені тағы да айтылды.