Қазақстанның тоғыз өңірінде дабыл қағылады

Қазақстанның өңірлері ірі жер сілкінісіне дайындалады / коллаж: Kursiv.Media
23-24 шілдеде Қазақстанда республикалық «Жер-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Оның барысында зілзала кезіндегі әрекеттер пысықталады. Тоғыз өңірде дабыл қағылады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, 24 шілдеде сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісі болуы ықтимал сейсмикалық қауіпті өңірлерде дабыл қағылады. Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында «Баршаның назарына!» сирена-сөйлеу құрылғылары іске қосылады. Сонымен бірге адамдар көп жиналатын нысандарда сейсмикалық жаттығулар өтеді.
«Оқу-жаттығу азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі», – деп хабарлады ТЖМ.
Дайындыққа республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де қатысады. Жаттығу барысында жойқын сілкініс кезіндегі іс-әрекеттер пысықталады.
Жаттығу кезінде құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған шатыр лагерлер мен 4 далалық медициналық аурухана көрсетіледі.
Оқу-жаттығуды үйлестіру республикалық штабы Шымкент қаласында орналасқан.
Бұған дейін Kursiv.Media биыл 8 шілдеде түсте Жамбыл облысында 6 балдық жер сілкінісі болғанын жазған.