Гибрид, бензин немесе дизельмен жүретін көлік: Қазақстанда қайсысын таңдаған тиімді?

Көлік сатып алу – маңызды шешім. Бірақ оны таңдаған кезде сыртқы көрінісі мен салонына ғана емес, жанармай шығынына, жөндеу мен қызмет көрсету құнына да назар аударған абзал. Қазақстанда бұл тіпті өзекті мәселе. Себебі елімізде климаттық жағдай қатал, жер аумағы үлкен, жолдар әртүрлі. Осындай жағдайда бензинмен жүретін көлік пе, дизель ме, әлде гибрид пе – қайсысы тиімді?
Жанармай және баға
Автокөлік таңдаудағы маңызды факторлардың бірі – жанармайдың бағасы. 2025 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша Қазақстанда бензин мен дизель салыстырмалы түрде қолжетімді, бірақ олардың арасында айырмашылық бар.
Бензин (АИ-92 және АИ-95) литрі аймаққа және маркасына қарай орташа есеппен 215-тен 279 теңгеге дейін тұрады. АИ-92 арзанырақ болғандықтан, оны жүргізушілер жиі пайдаланады. АИ-95 қымбат болғанымен, қозғалтқыш көлемі үлкен темір тұлпарларға, әсіресе турбомоторлар үшін тиімді.
Дизель литрі шамамен 300-315 теңге тұрады. Қымбаттау болса да, мұндай көліктер 100 шақырымға азырақ отын жұмсайды. Бұл жанармай шығынын біршама өтейді. Алайда күн суытқанда қысқы дизель қолданылмаса, көлік оталмауы мүмкін.
Гибридтер, әсіресе plug-in (қуатталатын) түрлері, бір қуаттаумен 30-80 шақырым жүруі мүмкін. Қазақстанда электр қуатының құны шамамен 18-20 теңге/кВт⋅сағ, бұл қала ішінде жүру бензинге қарағанда екі есе арзан деген сөз. Бірақ Қазақстанда зарядтау инфрақұрылымы Алматы мен Астанада ғана шоғырланған, өңірлерде жоқтың қасы. Сол себепті тек электрге көшудің жолы әлі шектеулі.
Қызмет көрсету құны мен жасырын шығындар
Бензин қозғалтқышы – қарапайым әрі арзан қызмет көрсетіледі. Қосалқы бөлшектер бар, шеберлер жеткілікті, барлық сервисте жөндеуге болады. Бірақ ресурс шектеулі, орта есеппен 250-300 мың шақырымнан кейін жөндеуді талап етеді.
Дизель қозғалтқышы – қуатты және үнемді. Көлікпен көп қатынайтындарға тиімді: отын аз жұмсалады, мотор мықтырақ, айналу моменті жоғары. Бұл жүк тасымалдау немесе жолсыз жерлерде маңызды. Бірақ дизельге техникалық қызмет көрсету қымбатырақ: сүзгілерді жиі ауыстыру керек, майы қымбатал қыс мезгілінде отын қатып қалуы мүмкін.
Гибрид – технологиялық күрделі құрылым. Оның ішкі жану қозғалтқышы мен электромоторы бар. Бұл жанармай шығынын азайтады әрі экологияға зияны төмен. Бірақ көліктің құны мен жөндеу шығыны жоғары. Ең басты қауіп – батарея. Оның қызмет ету мерзімі 8-10 жыл. Жаңасын ауыстыру – 1-2 млн теңге, тіпті көліктің жарты бағасы тұруы мүмкін. Көптеген өндірушілер 160 мың шақырымға дейін кепілдік береді, бірақ кепілдіктен тыс ауыстыру қалтаға салмақ салуы ықтимал.
BYD Қазақстан және Orbis Auto сарапшыларының пікірінше, болашақта ел автонарығында гибридтер саны артады.
«Гибридті технология ең жақсы нұсқа болып қала береді… Гибридті автокөліктер нарықтың 70-75% алады деп болжанып отыр», – деген еді мамандар.
Таңдау бағытыңызға байланысты
Таңдау тек қаржылық мүмкіндіктерге емес, жүріс тәртібі мен бағытыңызға да байланысты.
- Егер сіз қалада өмір сүрсеңіз, күнделікті көлік кептелісінде тұрсаңыз, трассаға сирек шықсаңыз – гибрид көлігі ең қолайлы шешім. Ол жылдамдық төмен кезде электромотормен жұмыс істейді және кептелісте отын мүлде аз жұмсайды.
- Егер жылына 20 000 шақырымнан көп жүрсеңіз, трасса мен ауылдық жерлерге көп қатынасаңыз – дизель қолайлы. Ол үнемді әрі сенімді.
- Егер сіз электр қуатын зарядтау мүмкіндігіне сенімсіз болсаңыз, батареямен әуре болғыңыз келмесе және аралас режимде жүрсеңіз – бензинмен жүретін көлік әмбебап әрі сенімді таңдау.
Экология мен болашақ туралы
Гибридтер мен электромобильдер – автосаланың болашағы. Олар СО₂ шығарындыларын азайтып, қалалардағы шу деңгейін төмендетеді. Қазақстан Париж климат келісіміне қосылды және «жасыл» экономикаға бет бұрып жатыр. Алайда қазіргі уақытта зарядтау инфрақұрылымы дамымаған. Бүкіл елде небәрі 300-дей қоғамдық станция бар. Сондықтан қазіргі таңда гибрид – экологиялық әрі практикалық жағынан ең тиімді шешім.
Дизель көліктері – қуатты, бірақ олар экологияға зиянды қалдықтарды көп шығарады. Еуропа елдері дизельге шектеу қойып жатыр, болашақта Қазақстан да осы жолды ұстануы мүмкін.
Қайсысын таңдаған дұрыс?
- Бензин – әмбебап, сенімді, арзан. Жылына 15-20 мың шақырым жүретіндерге тиімді.
- Дизель – көп әрі алыс қашықтықтарға қатынайтындарға тиімді. Бизнес, жүк тасу, трасса үшін мінсіз. Бірақ экологияға зиян, қысқа тәуекелдер жоғары.
- Гибрид – қалада жүргенге, отын үнемдегісі келетіндерге жақсы таңдау. Экологияға зиян аз, шығын аз, бірақ жөндеуі мен бағасы жоғары.
Әр жанармай түрінің өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Ең бастысы – сатып алу бағасы емес, көлікті ұстау шығыны маңызды. Сол үшін таңдау алдында өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз: қайда барасыз және қаншалықты алысқа қатынайсыз, қызметке көрсетуге қанша жұмсауға дайынсыз?
Еске сала кетсек, былтын Astana Motors елорда, Алматы және Шымкент қалаларында 250-ден астам көлік зарядтау станциясын салатынын хабарлаған. Кейін «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мұнай 311 станция орнатылатынын жеткізді. Осылайша қаладағы барлы қуаттау инфрақұрылымының саны 622-ге жетпек.