Ұлттық қор қаржысы қандай акциялар мен құралдарға инвестицияланған

Қазақстанның Ұлттық қоры 2024 жылы 4,6 млрд АҚШ долларына тең инвестициялық табыс тапты. Оған Ұлттық банктің инвестициялық стратегияны қайта қарап, жоғары кірісті қаржы құралдарының үлесін 20%-дан 40%-ға дейін ұлғайтуы, сондай-ақ 2023 жылы баламалы құралдар портфелін енгізуі ықпал еткен.
Қор активтерінің жалпы құрылымы қандай?
2024 жылдың соңында Ұлттық қордың жиынтық активтері 66,2 млрд АҚШ долларына жетті. Оның 58,8 млрд доллары – валюталық портфель болса, 7,4 млрд доллары теңгедегі активтерге тиесілі.
Валюталық активтердің негізгі бөлігі шетел нарықтарындағы қаржы құралдарына инвестицияланған. Ал теңгедегі қаражат қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына және шоттардағы қалдықтарға орналастырылған.
Сонымен қатар Ұлттық қордың актитері жинақ және тұрақтандыру портфеліне бөлінеді. 2024 жылы жинақ портфелінде 56 млрд долар жинақталса, тұрақтандыру портфелінің нарықтық құны 3,5 млрд долларға тең болған.
Былтыр инақ портфелінде табыстылығы – 8,1%, ал тұрақтандыру портфелінкі 5,3% құраған. Актив құрылысында ең жоғарғы табысты акциялары мен алтын алып келген,
Қай нарық мен құралдарға инвестиция салынған?
Ұлттық қордың валюталық портфеліндегі негізгі бөлікті акциялар құрайды. Олардың үлесі – 36,3%, яғни 19,96 млрд АҚШ доллары. Бұл – ұзақмерзімді табысты активтердің бірі саналады.
Одан кейінгі орында дамыған елдердің мемлекеттік облигациялары тұр. Олар портфельдің 26,9%-ын (немесе 14,77 млрд долларды) құрайды. Бұл құралдар негізінен АҚШ пен Еуроаймақ елдерінің мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған.
Дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларының үлесі 18,9% немесе 10,36 млрд долларға тең, Қор портфелі құрылымында корпоративтік облигациялар үлесі 9,2% (5,02 млрд доллар). Олар жаһандық деңгейдегі сенімді компаниялардың борыштық құралдарына салынған.
Алтын – портфельдің тұрақты әрі қорғаныш активі ретінде 5,9%-ын немесе 3,31 млрд долларын құрайды. Алтын бағасының 2024 жылы өсуі осы құралдан жоғары табыс алуға мүмкіндік берді.
Баламалы инвестициялар, яғни жылжымайтын мүлік қорлары, инфрақұрылым жобалары және хедж-қорлар үлесі 2,8% (1,59 млрд доллар). Бұл санаттағы активтер ұзақмерзімді кірістілігімен ерекшеленеді.
Соңғы үлес – жаһандық тактикалық бөлу портфеліне тиесілі. Оның көлемі 1,8% немесе 1,04 млрд доллар.
Ұлттық қор активінің басым бөлігі (49,2%) АҚШ-тың бағалы қағаздарына салынған.
Одан кейінгі орындарда:
- Еуроаймақ елдері – 10,1%
- Жапония – 4,1%
- Ұлыбритания – 4,4%
- Канада – 3,4%
- Аустралия – 1,9%-бен келеді.
Дамушы елдерге де елеулі үлес тиесілі – 15,3%. Олардың қатарында Қытай, Индонезия, Мексика және басқа да елдер бар.
Сондай-ақ, қордың 0,9%-ы халықаралық қаржы ұйымдарының құралдарына салынған. Олар әлемдік экономикалық тұрақтылықты қолдайтын сенімді институттар ретінде бағаланады.
Қандай стратегия қолданылды?
Ұлттық банк 2024 жылы инвестициялық мандаттарды қайта қарап, облигациялық портфельдердің эталондық индекстерін жаңартты. Мысалы, дамыған елдердің мемлекеттік облигациялар портфелі енді қысқа мерзімді құралдармен қатар, ұзақ мерзімді активтерді де қамтиды.
Дамушы елдердің облигациялар портфелі енді 80% мемлекеттік, 20% корпоративтік қағаздардан тұратын эталонмен салыстырылады.
Қор құрылғалы бергі кезеңде (2001–2024 жж.) жиынтық инвестициялық кіріс 25,9 млрд долларды, ал орташа жылдық табыстылық 3,55%-ды құрады. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 3,79%, ал соңғы он жылда 2,92% болған.