36 млрд теңге шығын келген: Бас прокуратура «СҚ-Фармацияға» қатысты тергеу бастады

Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігі «СҚ-Фармация» компаниясы мен бірқатар фармацевтикалық ұйымдарға қатысты қылмыстық тергеуді бастады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Депутаттың айтуынша, тергеу Жоғары аудиторлық палата анықтаған деректер негізінде басталған. Бақытжан Базарбек әріптесі Мұрат Әбеновпен бірге Бас прокуратураға ресми түрде жүгінген. Олардың өтінішінен кейін құқық қорғау органдары тексеру мен тергеу жұмыстарын қолға алған.
Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 35,8 миллиард теңгені құрайды. Бұл сома «СҚ-Фармация» компаниясы дәрі-дәрмек сатып алу кезінде кеткен тиімсіз әрі күмәнді шығындармен байланысты.
Бұдан бөлек, тергеу барысында бірқатар нақты заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, 166,4 миллион теңгеге дәрі-дәрмекке қатысты жалған клиникалық зерттеулер жүргізілген. Бұл жұмыстар«Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» атты мекемеде болған. Сол орталық 36,7 миллион теңге көлеміндегі қаржыны медициналық жабдық сатып алуға алды деп есеп бергенімен, бұл жабдықтардың нақты жеткізілмегені анықталған.
Сондай-ақ, «СҚ-Фармация» компаниясы арқылы сатып алынған дәрі-дәрмектер бойынша мемлекетке келген шығынның жалпы көлемі 35,8 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл қаражат негізсіз жұмсалған немесе сатып алынған тауарлардың бағасы жасанды түрде көтерілген деген күдік бар.
Тағы бір айтарлық мәселе – «КазМедПром» компаниясы медициналық қолғаптарды жеткізген кезде 5,3 миллиард теңге көлеміндегі бюджеттік қаражат тиімсіз жұмсалған. Мұның себебі – қолғап бағасының негізсіз қымбат болуы.
Жалпы, мемлекеттік аудит нәтижесінде фармацевтикалық салада тағы да түрлі қаржылық заңбұзушылықтар тіркелген. Олардың жалпы сомасы 741 миллион теңгені құрайды.
Қазіргі таңда бұл фактілердің барлығы бойынша тергеу жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары дәлелдерді жинап, нақты шешімді тергеу қорытындысы шыққан соң қабылдайды.