«Өзіне-өзі қол салғанына сенбейміз»: отбасылық жанжал соңы адам өліміне әкелген

2 шілде күні Қарағандыда қайтыс болған 28 жастағы Динара Мыңбаеваның туыстары оның өзіне-өзі қол жұмсағанына күмәнмен қарайды. Айтуларынша, қайтыс болатынынан бір күн бұрын отбасында жанжал болып, Динара күйеуінің ұрыс-соққанын айтып полиция шақырған. Ата-анасына ажырасатынын жеткізген. Марқұмның артында екі жас баласы жетім қалды.
Ұрыс-жанжал 1 жылдан соң басталды
Марқұмның әкесі Дүйсекен Мыңбаевтың айтуынша, Динара оның тұңғышы. Осыдан 5 жыл бұрын Түркістан облысы Сарыағаш ауданына тұрмысқа шыққан. Көп өтпей күйеуінің жұмыс бабымен Қарағандыға қоныс аударған.
«Кикілжің, ұрыс-жанжал тұрмысқа шыққаннан кейін 1 жылдан соң басталды. Құдағи әйелімнің сыныптасы еді. Таныс жер ғой, бақытты болып кетер деп жүрдік. Өткен жылы шілдеде қатты ұрыс-керіс болды. Қызым ажырасатынын айтып хабарласты. Бала-шағасымен бірге үйге алып келдім. Бір айдан соң күйеубала туыстарымен бірге келіп, кешірім сұрап, енді қол көтермеймін деп уәдесін беріп қызымды қайта алып кетіп еді», – дейді марқұмның әкесі.
«Қызыңыз мені полицияға берді»
Қайғылы оқиға болған күннен бір күн бұрын Динара ата-анасына қайта хабарласқан. Күйеуінің қылқындырып, жағынан ұрғанын айтып, ажырасатынын жеткізген. Әкесі 1-2 күнде алып кететінін айтқан. Содан кейін қызымен байланыс үзілген.
«2 шілде күні түнде қызым бірінші рет полицияға хабарласқан. Оған дейін күйеуінің ұрып-соққандарын айтпай, ішіне жұтып жүрген. Полиция түнгі сағат 23:00 шамасында күйеубаланы алып кеткен. 3 сағаттан соң босатқан. Не үшін босатқанын білмейміз. Одан кейін күйеубала қызыма қысым жасады ма оны да білмейміз. Мүмкін тұншықтырып өлтіріп, асып қойды ма? Олай дейтінім сол түні күйеубала да қоңырау соғып, «ажырасамын, қызыңыз мені полицияға берді» деп еді. Күдігіміз көп», – дейді Дүйсекен Мыңбаев.
«Екі баласын шырылдатып, қалай тастап кетеді»
Марқұмның анасы Ризагүл Мыңбаева қызының өзіне-өзі қол салғанына сенбейді.
«Оның армандары көп еді. Медицина академиясын бітірді, 7 жыл оқыды. Балалары бірінен соң бірі туылды. Кенжесі бір жарым жаста. Балаларымды балабақшаға беріп, жұмыс істеймін, магистратураға оқуға түсемін деп жүретін. Аяқасты ұрыс-керіс болып, арты өліммен тынды. Өзін-өзі асып қойды дегенге сенбеймін. Ол өзіне-өзі қол жұмсайтын қыз емес. Екі баласын шырылдатып, қалай тастап кетеді?», – деді марқұмның анасы көзіне жас алып.
Марқұм Динара Мыңбаеваның әкесі полиция тергеуіне көңілі толмайтынын айтады. Айтуынша, адам өлімі тіркеліп, арадан 20 күн өтсе де тергеуге шақырмаған. Іс бойынша әкесі жәбірленуші деп танылған. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету» бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Қарағанды облыстық полиция департаменті Динара Мыңбаеваның қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Қылмыстық іс аясында қажетті сараптамалар тағайындалды, оның нәтижелері тергеу үшін маңызды болып табылады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары толық көлемде жүргізілуде, барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған. Оқиғаның толыққанды және объективті тергеу үшін куәгерлерден жауап алынуда» делінген полиция хабарламасында.
Осыған дейін Шымкентте отбасылық жанжалдан соң көпқабатты тұрғын үйдің 3-қабатынан секіріп кеткен әйелдің өлімі бойынша сот үкімі шыққан болатын.