Тоқаев ұшақ апатына байланысты Путинге көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Амур облысындағы ұшақ апатына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі алдын ала мәлімет бойынша ұшақ апатынан әуе кемесіндегілердің бәрі қаза тапқанын мәлімдеді.
Ұшақ тау баурайындағы ит тұмсығы өтпейтін орман ішіне құлағандықтан, құтқарушылар апат орнына үлкен қиындықпен бара жатқаны айтылады.
«Құтқарушылар өту қиын таулы аймақ арқылы жоғары өтімді техникамен жылжып барады. Жол мүлде болмаған жағдайда ауыр инженерлік техника жол ашады. Қазіргі уақытта топ ең күрделі бөліктен өтіп жатыр. Апат орнына дейін шамамен 3 шақырым қалды. Жалпы 149 маман және 21 техника жұмылдырылған», делінген Ресей ТЖМ хабарламасында.
Әзірге ұшақ бортында болған адамдар саны туралы дерек әртүрлі. Амур облысының губернаторы Василий Орлов ұшақта 43 адам болғанын, оның ішінде 6-ауы экипаж мүшесі екенін айтқан.
Ал Интерфакс агенттігі бір ақпаратында бортта 42 жолаушы, 6 экипаж мүшесі жиыны 48 адам болғанын, бір ақпаратында 49 адам болғанын жазды. Риа-Новости порталы жалпы 43 адам мерт болғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта облыста төтенше жағдай жарияланған.
Айта кетейік, Ан-24 ұшағы бүгін әуелі радардан жоғалып, кейін апатқа ұшыраған. Алдын ала себеп бойынша апатқа экипаждың қате әрекеті немесе техниканың істен шығуы себеп болуы мүмкін.
Ресейдегі шұғыл қызмет апат болған ауданда метеожағдай күрделі болғанын атап өткен.
«Бұлттылық төмен, ұшу жолағы дымқыл, үйкеліс коэффициенті ең төмен деңгейде болды. Ұшақ бірден қона алмай, екінші шеңберге кетуге мәжбүр болған. Екінші айналымға шыққанда экипаж қателік жіберген болуы мүмкін немесе техника істен шығуы ықтимал. Қазіргі таңда осы нұсқалардың барлығы қарастырылып жатыр», – деген шұғыл қызмет өкілдері.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ұшақта ел азаматтарының болғаны туралы ақпарат түспегенін, тексеру жалғасып жатқанын жеткізді.