Түркияның Safi Holding компаниясы Қазақстанда қант зауытын салмақ

Түркияның Safi Holding компаниясы Қазақстандағы қант зауытының құрылысына 150–200 млн АҚШ доллары инвестиция салмақ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркиялық Safi Holding компаниясының бас атқарушы директоры Сафи Атаканмен кездескен. Келіссөз барысында Қазақстанда өндірістік қуаты жоғары жылына 140 мың тонна қант шығаратын зауыт салу жоспары талқыланды.
Жоба толық іске қосылған жағдайда, зауыт жылына 1 млн тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей алады. Түріктер бұл жобаға 50–200 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюы мүмкін.
Қазір инвесторлар зауытты қай өңірде салуға болатынын қарап жатыр. Ол үшін ең маңызды факторлар – қант қызылшасын өсіруге жарамды жердің жеткілікті болуы және инфрақұрылым қолайлылығы.
Министрлік жобаны жүзеге асыруға толық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Айдарбек Сапаровтың сөзіне қарағанда, мемлекеттік заң аясында барлық қажетті қолдау шаралары қамтамасыз етіледі.
Сафи Атакан да Қазақстанның агроөнеркәсіп әлеуетінің бұл жобаны жүзеге асыруға қолайлы екенін атап өтті және көрсетілген қызығушылық пен қолдау үшін алғысын білдірді.
Қазақстанда қазіргі кезде төрт қант зауыты жұмыс істейді: олар Тараз, Мерке, Ақсу және Көксу қалаларында орналасқан. Бұл кәсіпорындар тәулігіне 8 700 тонна қант қызылшасы және 2 400 тонна қамыс шикізатын өңдеуге қуаты жетеді.
Бұған дейін 15 шетел компаниясы елде миллиардтаған долларға аграрлық жобаларды жүзеге асыратыны хабарлаған.