Экономика: жарты жылда не өзгерді?

Жарияланды 26 Шілде 2025 09:27

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Экономика: жарты жылда не өзгерді?
Экономика: жарты жылда не өзгерді? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Республикасы үшін 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы ерекше экономикалық серпінмен есте қалды. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, ішкі өсім, инвестициялық белсенділік және бюджеттік түсімдер бойынша оң өзгерістер тіркеліп, мемлекет экономикасы айтарлықтай жанданды. Бұл кезеңде республика экономикасы ұзақ уақыт бойы болмаған өсу қарқынын көрсетіп, 2011 жылдан бергі ең жоғары жартыжылдық көрсеткішке жетті. Ал енді осы серпінді кезеңнің негізгі көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып өтейік.

Инфографика 01: ЖІӨ серпіні / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы
ЖІӨ серпіні / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

ЖІӨ өсімі: рекордты нәтижелер

Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) – ел экономикасының жылдамдығын, құрылымын және ішкі қозғалысын бейнелейтін басты көрсеткіштердің бірі. 2025 жылдың қаңтар–маусым айлары аралығында ЖІӨ өсімі ай сайын артып, маусымда 6,2 пайызға жетті. Бұл – кейінгі 14 жылдағы ең жоғары нәтижелердің бірі.

Жыл басында ЖІӨ өсімі 3,8 % болса, ақпан мен наурызда тиісінше 5,4 % және 5,8 %-ға жетті. Сәуір мен мамыр айларында тұрақты түрде 6,0 % деңгейінде сақталып, маусым айында 6,2 %-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары.

Өсімнің негізгі қозғаушы күштері ретінде мына секторларды атап өтуге болады:

  • Көлік және қоймалау – ішкі және сыртқы логистиканың дамуына байланысты өсімі 22,7 % болды;
  • Құрылыс – тұрғын үй, инфрақұрылым және өнеркәсіптік нысандардың көптеп салынуына орай 18,4 % өсті;
  • Өңдеу өнеркәсібі – 5,5 % өсіммен экономиканың әртараптандырылуының айғағы болды;
  • Мұнай және табиғи ресурстар өндіру – 11,6 % артып, экспорттық кірістерге оң әсер етті;
  • Ауыл шаруашылығы – дәстүрлі сала болғанымен, 3,7 % өсіммен тұрақтылық көрсетті.

Егер осы өсім сақталса, биыл номиналды ЖІӨ тұңғыш рет 300 млрд доллардан асуы мүмкін. Еске сала кетейік Қазақстан үкіметі 2029 жылға дейін ел экономикасын 450 млрд долларға жеткізу міндетін қойған болатын. 

Негізгі капиталға салынған инвестициялар / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы
Негізгі капиталға салынған инвестициялар / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Инвестициялар: әрбір бесінші теңге бюджеттен

Экономикалық өсімді ұзақ мерзімде қамтамасыз ететін маңызды фактор – инвестициялық белсенділік. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 19,3 %-ға артты. Бұл үрдіс график бойынша нақты көрініс тапты: қаңтар айындағы 100,2 индекс маусым айында 119,3-ке дейін көтерілді. Әсіресе көктемгі айлардан бастап инвестициялық серпін қарқын алып, сәуір – 113,7, мамыр – 118,2 деңгейіне жетті. 

Салалық бөліністе ең көп инвестиция тартылған бағыттар:

  • Білім беру – 3,5 есе өсіп, адами капиталға салынған ұзақмерзімді инвестицияны көрсетеді;
  • Қаржы және сақтандыру қызметі +86,2 %;
  • Өнеркәсіп +48,9 %;
  • Денсаулық сақтау  +32,8 %;
  • Көлік және логистика +16,2 %.

Мұндай көрсеткіштер шетелдік капиталдың да қызығушылығын білдіреді. Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығы мен инфрақұрылымдық реформалары шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастырғаны байқалады.

Биыл алты айда мемлекет ірі инвестор ретінде инвестициядағы үлесі 22 пайызға жетті. Бірінші жартыжылдықта бюджет есебінен 1,8 трлн теңге инвестиция салынған. Үкімет Бәйтерек холдингі арқылы  бір жылдың ішінде экономиканы кредиттеу көлемін 8 трлн теңге дейін арттыруда жоспарлап отыр. 

Республикалық бюджеттің орындалуы / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы
Республикалық бюджеттің орындалуы / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Бюджет түсімдері мен орындалуы

Экономикалық белсенділік пен салықтық тәртіптің артуы республикалық бюджеттің орындалуына да оң әсерін тигізді. 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 91,8 % орындалды. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш.

Салықтық түсімдер бойынша:

  • Жалпы салықтық түсімдер – 99,1 %;
  • Қосымша құн салығы (ҚҚС) – 92,9 %, бұл көрсеткіш төмендегенмен, тұтынушылық сұраныстың артуы есебінен айтарлықтай кіріс әкелді;
  • Корпорациялық табыс салығы (КТС) – 102,1 %, яғни кәсіпорындардың табыстылығы артқанын көрсетеді.

Салықтық емес түсімдер бойынша:

  • Жалпы түсім – 130,5 %, бұл көрсеткіштің орындалуы кейбір бір реттік түсімдермен байланысты болуы мүмкін;
  • Ұлттық қордан трансферт – 78,4 %, бұл бюджетке түсетін тікелей қолдаудың азайғанын білдіреді;
  • Қарыздар түсімі – 95,2 %.

Бұл құрылым бюджет саясатының біртіндеп сыртқы трансферттер мен қарыздарға емес, ішкі салықтық негізге ауысып жатқанын аңғартады. Бұл – фискалдық тұрақтылыққа бағытталған қадамдардың бір көрінісі.

Мұнай өндірісі және сыртқы сауда

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында мұнай өндірісі 49,9 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда +11,6 % өсім көрсетті. Бұл экспорттық табыстың артуына, валюта түсімінің көбеюіне және сауда балансының оң болуына әсер етті.

Сауда айналымы жалпы 8,4 % өсіп, 31,4 трлн теңгеге жетті. Сауда балансының сальдосы шамамен +6 млрд АҚШ доллары болды, бұл да сыртқы экономикалық жағдайдың тұрақтылығын және экспорттың импорттан басым екенін көрсетеді.

Егер мұнай өндіріс көлемі сақталса, жыл соңында тарихи рекорд орнайды. 

Инфляцияның шарықтауы және бас банктің қатаң саясаты

Экономикалық өсімге қарамастан, инфляциялық қысым сақталып отыр. 2025 жылдың маусымында инфляция деңгейі 11,8 %-ға дейін жетіп, Ұлттық банк негізгі мөлшерлемені 16,5 % деңгейінде ұстап тұр. Бұл бағаның өсуін тежеуге бағытталған, алайда кәсіпкерлікке әсер етуі мүмкін.

Бағаның өсуіне электр энергиясы, су, жылу тарифтерінің өзгерісі және тұтынушылық сұраныстың жандануы әсер етуде. Соған қарамастан, экономикалық өсімге қарағанда инфляцияның ықпалы салыстырмалы түрде шектеулі болды.

Халықаралық резервтер мен қаржылық тұрақтылық

Қазақстанның халықаралық резервтері 2025 жылдың маусымында $112,3 млрд болды. Бұл – жыл басымен салыстырғанда +7,4 % өсім.

  • Алтын-валюта резервтері – $52 млрд;
  • Ұлттық қор активтері – $60,3 млрд.

Мұндай көлемдегі резервтер елдің сыртқы қарыздарын жабуға, ұлттық валютаны тұрақты ұстауға және экономикалық соққыларға қарсы тұруға мүмкіндік береді.

Қор нарығы: KASE индексінің өсуі мен белсенділік

Алты ай ішінде KASE индексі 12-13% аралығында өсім көрсетті. Бұл өсім негізінен банк секторындағы оң жаңалықтар мен мұнай-газ секторындағы жоғары табыстармен байланысты болды.

  • Банктердің акциялары – мөлшерлеменің жоғары болуына қарамастан, кірісті болып қала берді, әсіресе нарықта жинақ депозиттерге сұраныс артты.
  • Мұнай-газ секторы – мұнай өндірісінің 11,6 % артуы мен экспорттық табыстың жоғарылауы «ҚазМұнайГаз» және оған еншілес компаниялардың акцияларына оң ықпал етті.
  • Құрылыс және логистика компаниялары – инвестициялық белсенділікпен бірге бағалары біршама көтерілді.
Екінші деңгейлі банктердің жиынтық табысы / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы
Екінші деңгейлі банктердің жиынтық табысы / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Банк секторының таза табысы: нарық көрсеткіштері мен тенденциялар

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында (қаңтар–маусым/мамыр аралығы) Қазақстан банктері жалпы өте оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл кезеңде екінші деңгейлі банктердің жиынтық таза табысы шамамен 1,4 трлн теңге болды. 

Сонымен қатар ЕДБ жиынтық актив көлемі 64,8 трлн теңгеге жеткен. 

2025 жылдың алғашқы жартысында инфляция – экономикалық өсімнің қасында «кері тартушы» күш ретінде байқалды. Ол ЖІӨ мен инвестицияның жоғары көрсеткіштерімен бірге, халықтың табысын «жеп», әлеуметтік әл-ауқатқа кері әсерін тигізді. Бұл ретте Қазақстан үкіметі теңгерімді саясат жүргізуге тырысуда: бір жағынан өсімді ынталандыру, екінші жағынан инфляциялық қысымды төмендету.

Экономикадағы кез келген жетістік нақты өмірде де сезілуі тиіс. Сондықтан инфляцияны бақылау — елдің даму қарқынының сапалық көрсеткіші болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз