Тимур Сүлейменов теңге бағамына интервенция көмектеспейтінін айтты

Жарияланды 26 Шілде 2025 15:09

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Тимур Сүлейменов мәлімдеме жасады/фото: kursiv.media

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамына қысым бар екенін, бірақ оған интервенция көмектеспейтінін мәлімдеді.

Әлеуметтік желідегі жазбасында Сүлейменов теңге бағамына әсер ететін факторларды үш негізгі санатқа бөліп көрсеткен.

Фундаменталды: мұнай мен өзге де экспорт тауарларының әлемдік бағасы, негізгі сауда серіктестері валюталарының динамикасы, жаһандық конъюнктура және өзге де макроэкономикалық көрсеткіштер.

Нарықтық: бизнес, халық және мемлекет тарапынан валютаға деген сұраныс пен ұсыныс, импорт сатып алулар, маусымдық ауытқулар (мысалы, туристік белсенділік, дивиденд төлеу).

Спекулятивті: валютаға нақты қажеттілікке емес, қысқа мерзімді бағам құбылуында пайда табуды көздейтін нарық қатысушыларының операциялары.

«Қазір фундаменталды факторлар теңгенің бағамы төмен бағаланып отырғанын көрсетеді. Спекулятивті белсенділік байқалмайды, жағдай тұрақты және бақылауда. Қазір курсқа негізгі қысымды дәл осы нарықтық факторлар тудырып отыр: бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импорттық сатып алулардың өсуі, сондай-ақ дивидендтердің маусымдық төлемдері мен туристік сұраныс», – деді Сүлейменов.

Айтуынша, кей азамат Ұлттық банкке интервенция жасап, курсты тұрақтандыру керек екенін айтқан.

«Бұл курсқа спекулятивті факторлар әсер етіп, ол құбылмалы және тұрақсыз болған жағдайда орынды дер едім. Егер бағамға нарықтық не фундаменталды факторлардың әсерінен қозғалып жатса, интервенциялар көмектеспейді, керісінше зиян келтіруі мүмкін. Интервенциялар орынсыз жүргізілсе, ол экономикаға емес, спекулянттарға тиімді болып кетуі мүмкін. Біз ұлттық резервтерді ұтымды пайдалануымыз қажет», – деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.

Біз биржадағы және банкаралық нарықтағы жағдайды мұқият бақылап отырмыз және егер күрт құбылмалы жағдай не спекулятивті операциялар туындаса, жедел әрекет етуге дайынбыз. Мемлекеттің прагматикалық саясатының нәтижесінде біз 52,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде халықаралық резерв жинадық, бұл бізге спекулятивті ауытқуларды жұмсартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Ұлттық банк дерегіне сәйкес 26 шілдеде доллар 544,87 теңгеге тең.

Бұған дейін теңгенің күрт әлсіреуіне байланысты Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шараларға баруға дайын екенін мәлімдеді

Сондай-ақ оқыңыз