Трамп: Лос-Анджелес өртінен зардап шеккендерге жиналған 100 млн доллар жоғалды

АҚШ президенті Дональд Трамп Лос-Анджелестегі орман өртінен зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 100 миллион доллар көлеміндегі қайырымдылық қаражаттың жоғалып кеткенін айтты. Бұл туралы Трамп Truth Social желісінде жазды.
«100 млн доллар жоғалды. Бұл қаржы Лос-Анджелестегі өрттен зардап шеккендерге көмекке жұмсалуы керек еді. Егер тиісті басқару болғанда, мұндай өрттер мүлдем болмас еді. Губернатор Ньюсом Солтүстік Калифорния мен Тынық мұхиттың солтүстік-батысынан миллиардтаған галлон суды босатудан бас тартты. Бұл бәрін өзгертер еді!» – деп жазды Трамп.
Аталған қаражат 2025 жылдың басында Лос-Анджелесте өткен алапат орман өрттерінен кейін ұйымдастырылған FireAid атты бір күндік қайырымдылық концерті кезінде жиналған. Шараға Оливия Родриго, Кэти Перри, Леди Гага сынды әлемдік жұлдыздар қатысқан. Концерттен шамамен 100 млн доллар жиналған.
Еске салайық, 2025 жылдың қаңтарында Лос-Анджелес маңында болған жойқын өрттер салдарынан 100 мыңға жуық адам эвакуацияланып, көптеген адам зардап шекті. Өрттен мыңнан астам нысан жойылып, олардың қатарында Голливуд жұлдыздарының үйлері де болған.