Сорбұлақта жоғалған тікұшақты іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Сорбұлақ су қоймасында жоғалған тікұшақ әлі табылмады /фото: Асқар Ахметуллин

Қорғаныс министрлігі Сорбұлақ су қоймасы маңында 25 шілдеде жоғалып кеткен EC-145 тікұшағына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, жоғалған тікұшақ бортындағы адамдарды іздеу-құтқару операциясы күшейтілген режимде және тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Әзірге тікұшақ табылған жоқ.

Ауқымды операцияға 400-ге жуық адам, 70-тен астам жер үсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА), эхолоттар мен су асты сканерлеу құрылғылары, сондай-ақ кинологиялық топтар жұмылдырылған.

Іздеу жұмыстарына ҚР Қарулы Күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов жетекшілік етіп, барлық бөлімшелердің жұмысын үйлестіріп отыр.

Құтқару операциясына тартылған күштер:

  • Қорғаныс министрлігі: 193 әскери қызметкер, 25 техника, 8 жүзу құралы, 4 ҰҰА;
  • Төтенше жағдайлар министрлігі: 87 адам, 22 техника, 10 жүзу құралы, 7 ҰҰА, 2 эхолот, сүңгуірлер, 2 кинологиялық топ;
  • Ішкі істер министрлігі: 102 қызметкер, 30 техника;
  • Әкімдік: 2 автокөлік, 3 жүзу құралы.

Іздеу жұмыстары акватория мен жағалауды кешенді зерттеу арқылы, қиын жететін және терең учаскелерді қамти отырып жүргізіліп жатыр. Мамандар күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеуде.

Сорбұлақтың ерекшеліктері іздеу жұмыстарын қиындатып отыр. Бұл – Алматы облысының солтүстік-батысында орналасқан үлкен жасанды су қоймасы, түбінің рельефі күрделі, суы лай және тереңдігі кей тұстарда 22 метрге дейін жетеді.

Жоғалған тікұшақ экипажы мен бортындағылардың туыстарымен тұрақты байланыс орнатылып, операция барысы туралы ақпарат уақтылы жеткізіліп отырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушылары жоғалып кеткен әуе кемесінің бөлшектерін тапқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз