Samsung Tesla-ға жаңа буын чиптерін шығаруға көмектеседі

Илон Маск Tesla компаниясына келесі буындағы AI6 чиптерін шығару үшін Оңтүстік Кореялық Samsung компаниясы көмектесетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісінде жазды.
«Техастағы Samsung-тің алып жаңа зауыты Tesla-ның келесі буындағы AI6 чиптерін өндіруге арналатын болады», — делінген хабарламада.
Бұған дейін Reuters агенттігі Samsung Electronics-тің кірісі 39%-ға төмендеуі мүмкін екенін жазған болатын.
Еске салсақ осыған дейін Илон Маск АҚШ-тың Tesla компаниясы алдағы уақытта біршама қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Оған елдегі электромобильдерге берілетін мемлекеттік қолдаудың тоқтатылуы себеп. Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған субсидияларды алып тастау, сондай-ақ автопилот технологиясын енгізудің ұзақ процесі компанияның қаржылық көрсеткіштеріне әсер етеді.