Судья Руслан Берденовті сот талқылауына қатысуға міндеттеді

Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты сот басталды. Істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Берденовке 5 рет оқ атып, ауыр жарақаттаған айыпталушы 31 жастағы Ернар Жиембай істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты. Ол іске төрағалық етіп жатқан Абинұр Қарабаевқа сенім білдіретінін жеткізді.
Істе жәбірленуші деп танылған Берденов денсаулығына байланысты сотқа келе алмады. Оның өкілі соттан істі қайта тергеуге жіберуді сұрады. Айтуынша, оқиға қоғамдық орында бұзақылық ниетпен болған. Сондықтан айып 99-баптың 1-бөлігімен емес 99-баптың 2-бөлігі 9-тармағымен тағылуы керек. Бұған прокуратура мен жәбірленуші және оның қорғаушылары қарсы болып, қанағаттандырмауды сұрады.
Судья Абинұр Қарабаев 6 тамыз күні өтетін басты сот талқылауында жәбірленуші Руслан Берденовті қатысуға міндеттеді.
Айта кетейік Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен.
Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған.
21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің бірнеше жеріне оқ тиіп, ауыр жарақат алған. 5 рет оқ атты деген күдікке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры Ернар Жиембай күдікке ілінген. Полиция оны оқиға орнында ұстап, қамауға алған.