Ақша массасы көп, доллар қымбат: теңгенің құнсыздануына не себеп?

Теңгенің долларға қатысты күрт құнсыздануы – кездейсоқ құбылыс емес. Бұл экономикалық дамумен қатар жүріп жатқан құрылымдық өзгерістер мен саясаттың тікелей нәтижесі. Экономист Ернар Серіктің айтуынша, теңге бағамының әлсіреуі – бір ғана шешім емес, бірнеше себептің ұзақ уақыт қордаланып, нарыққа әсер ете бастағанының көрінісі.
Импорттық құрал-жабдыққа сұраныс артты
Басты себептердің бірі – отандық кәсіпорындардың шетелден құрал-жабдық сатып алуға жұмсайтын қаражатының күрт өсуі. Бұл үрдіс – өндірісті жаңғыртуға, технологиялық артта қалушылықты еңсеруге бағытталған.
2025 жылғы маусымда машина мен жабдықтарға бағытталған инвестициялар көлемі 652 млрд теңгеге жетіп, мамырмен салыстырғанда 47%-ға, ал өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 35%-ға артқан.
Шілде айында бұл көрсеткіштің 900 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл жылдық бюджет аяқталатын қараша-желтоқсанды қоспағанда, тарихи рекорд.
Ернар Серіктің айтуынша, мұндай қымбат импорттың басым бөлігі доллармен есептеледі, бұл валюта нарығындағы сұранысты күрт арттырып, теңгеге қысым түсіріп отыр.
Сыртқы сауда теңгерімі әлсіреді
Қалыпты жағдайда теңге бағамын ұстап тұруда маңызды рөл атқаратын позитивті сауда сальдосы биылғы жылы күрт төмендеді.
2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында экспорт 9%-ға қысқарып, 32,8 млрд доллардан 29,8 млрд долларға төмендеген.
Осы кезеңде импорт 2%-ға өсіп, 23,3 млрд доллардан 23,7 млрд долларға жеткен. Нәтижесінде, сауда балансы 37%-ға қысқарып, 6 млрд долларға дейін түскен (2024 жылы – 9,5 млрд $).
Бұл дегеніміз – елге түсетін шетел валютасының көлемі азайып, ал сыртқа төленетін қаржы өсіп отыр. Яғни, Қазақстан валютаны аз табады, бірақ көбірек жұмсайды.
Ақша массасы артты
Ернар Серік қазіргі экономикалық жағдайда мемлекеттік шығынның өсуі де теңгеге қысым жасайтынын да атап өтті.
«Үкімет экономиканы ынталандыру үшін қомақты қаржыларды айналымға енгізіп, теңге массасын арттырып отыр», – деп жазады сарапшы.
Бұл қаржының бір бөлігі сыртқы нарыққа бағытталып, шикізат, құрал-жабдық немесе валюталық хедж жасау мақсатында шетел валютасына айырбасталады.
Экономистің айтуынша, дәл осы жағдайлар теңгені «дефицитті ресурсқа» айналдырып отыр. Яғни, теңге жеткілікті болса да, олардың айырбасқа түсетін көлемі азайып, шетел валютасына сұраныс артып кеткен.
Нарық заңдылығы: сұраныс пен ұсыныс
Ернар Серік валюта – бұл да кәдімгі тауар екеніне назар аударады. Мұнай, алтын немесе астық секілді, оның да бағасы сұраныс пен ұсынысқа тәуелді:
«Егер долларды көбірек сатып алып, аз сата бастаса – оның бағасы өседі. Бұл – қалыпты нарықтық құбылыс, мұнда жасырын пиғыл да, дүрбелең де жоқ», – дейді сарапшы.
Бұл пікірді экономист Владислав Туркин де қолдайды. Ол мемлекеттік шығынның көбеюі және импортталатын жабдықтарға кеткен қаражаттың артуы валютаға деген сұранысты өсуіне себеп болып отырғанын жазған.
Ұлтты банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамына интервенция көмектеспейді деп мәлімдеді.
25 шілдеде 1 АҚШ долларынің бағасы 544,87 теңге болды. Осылайша ұлттық валюта тағы да қолайсыз рекорд орнатты. Бұл уақытта валюта айырбастау мекемелерінде доллар 547-548 теңгеден сатылып жатты.