Республикалық бюджетке салық жоспардан аз түсті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
салық
Фото: kursiv.media

2025 жылдың 6 айында республикалық бюджетке 10,4 трлн теңге кіріс түсті. Бұл есепті кезеңге жоспарланған 11,3 трлн теңгенің 92,5%-ын ғана құрады. Дегенмен өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,6 трлн теңгеге көп. Бұл туралы Қаржы министрлігінің есебінде жазылған.

Түскен кіріс ішінде салық пен басқа да кірістер 10,3 трлн теңге болды. Ал егер Ұлттық қордан және жергілікті бюджеттен түсетін трансферттерді есептемесек, нақты кіріс 6,9 трлн теңгені құраған.

Салық бойынша жоспар 99,1%-ға орындалғанымен, кейбір салық түрлерінен (мысалы, корпоративтік табыс салығы мен акциздер) түскен түсім жоспардан төмен болды. Салықтық емес түсімдер (айыппұл, мүлік жалға беру, т.б.) жақсы орындалып, жоспардан 91 млрд теңгеге артық түсті.

Бюджетке Ұлттық қордан 2 трлн теңге трансферт толық келіп түсті, ал мақсатты трансферттердің жартысынан астамы (1,1 трлн теңге) игерілген. Қазына қарызын өтеу жақсы жүріп, жоспардан екі есе артық қайтарылған.

Ал бюджет шығыстары 11,9 трлн теңгеге жетіп жоспардың 91,5%-ын құраған. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шығындар 1,3 трлн теңгеге көбейген.

Соған қарамастан, 1,1 трлн теңгеге жуық қаржы уақтылы игерілмей қалды. Оның ішінде 956 млрд теңге – қаражатты уақытында бөлмеуге байланысты игерілмеген, ал 136 млрд теңге – мүлде игерілмей қалған қаражат.

Қай министрлік қаржыны игере алмады?

  • Ұлттық экономика министрлігі 100 млрд теңгені игермеген.
    Бұл қаражат Үкімет резервінен бөлінген, бірақ құжаттар уақытында тапсырылмаған.
  • Мәдениет және ақпарат министрлігі – 9,6 млрд теңге.
    Ақпараттық саясат пен мәдени жобалар бойынша шарттар кеш жасалған.
  • Су ресурстары және ирригация министрлігі – 6,5 млрд теңге.
    Нормативтік құжаттардың кеш қабылдануы мен құрылымдық өзгерістер себеп болған.
  • Бас прокуратура – 3,6 млрд теңге.
    Тендерлер кеш өткізілген, ал кейбір құжаттар мүлде ұсынылмаған.
  • Цифрлық даму министрлігі – 2,8 млрд теңге.
    Негізінен ақпараттық жүйелер мен ғарыш жобалары бойынша жұмыстар уақытында аяқталмаған.

2025 жылдың ортасында республикалық бюджет тапшылығы 1,54 трлн теңге болды. Бұл ЖІӨ-нің 1,02%-ын құрайды. Бұл тапшылық негізінен ішкі және сыртқы қарыздар арқылы жабылды. Сонымен қатар бюджеттегі қаржы қалдықтар да жұмсалған.

Бұған дейін AERC сарапшылары Ұлттық экономика министрлігі бюджетті дұрыс жоспарламайды деп сынаған.

Сондай-ақ оқыңыз