Сорбұлақта жоғалған әскери тікұшақ төрт күннен бері табылмай жатыр

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қорғаныс министрлігі қосымша күш шақыртуға мәжбүр болды / фото: Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігі қосымша күш шақыртуға мәжбүр болды / фото: Қорғаныс министрлігі

Алматы облысындағы Сорбұлақ маңында жоғалған әскери тікұшақ төрт күннен бері табылмай жатыр. Соған байланысты Қорғаныс министрлігі басқа да өңірлерден қосымша күш-құралдар жеткізуге мәжбүр болды.

EC-145 тікұшағы 25 шілдеде Луговойдан ұшып шығып, радардан жоғалып кетті. Оның бортында экипаждың үш мүшесі болған.

Әскери тікұшақтың қалдықтары Сорбұлақ су қоймасы аумағынан табылған. Сол себепті іздеу жұмыстары дәл осы жерде жүріп жатыр.

Сорбұлақтағы іздестіру операциясы / фото: Қорғаныс министрлігі
Сорбұлақтағы іздестіру операциясы / фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, күні бойы операция жүргізілетін ауданға басқа өңірлерден қосымша күш-құралдар жеткізілді. Қонаев қаласынан іздеу бөлімшесі, оған қоса Ақтау қаласынан А-400 әскери-көлік ұшағымен жеткізілген жеке құрам мен техника осында алдырылды. Құрамында су айдынының жету қиын учаскелерін зерттеуге арналған сүңгуірлік жабдықтар, эхолоттар, катер мен қайық та бар.

Операцияларға қосымша бес әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы жалғасып жатыр. Іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылған. Қазір оларды анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

Сорбұлақ – ТМД аумағындағы ең ірі қолдан жасалған су қоймаларының бірі. Оның тереңдігі 22 метрге жетеді. Түбі лай.

«Мамандар акваторияны ғана емес, жағалауды да тексеріп жүр. Терең, қиын жерлерді де. Іздеу жұмыстары күні-түні тоқтаусыз жүріп жатыр. Операцияны Әскери әуе күштерінің қолбасшысы генерал-майор Асқар Ізбасов басқарады. Ол сол жерде жүр», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Сорбұлақтағы іздеу операциясы қалай жүріп жатқаны туралы видео әлеуметтік желілерде жарияланды.

Жоғалған тікұшақ экипажының отбасы мүшелері де осында жүр. Оларға нақты ақпарат жеткізіліп тұрады. 28 шілдеде олар іздеу аумағын әуеден бақылады. Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда жоғалған азаматтардың туыстары іздеу жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатқанын айтты.

Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, құтқару-іздеу операциясы түпкілікті нәтиже шыққанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз