Қазақстан президенті ресми сапармен Түркияға барды

28 шілде күні кешке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Түркияға барды. Анкара әуежайында оны Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған күтіп алды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Ресми мәлімет бойынша, әуежайда екі ел президенттері аз-кем әңгімелесті.
«Қонақжайлық танытқаныңызға көп рақмет. Әуежайға келіп, мені қарсы алдыңыз. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Біздің арамызда ешқандай түйткіл жоқ. Бізді тек туыстық, ынтымақтастық байланыстырады. Ертең маңызды сапар болады. Сапардың бағдарламасы өте мазмұнды. Оны толық іске асырамыз деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сейсенбі, 29 шілдеде, мемлекет басшылары қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту болашағын талқылап, келіссөз жүргізеді.
Ақорда Тоқаевтың Түркияға баратынын 25 шілдеде хабарлаған. Сол кезде президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғарғы деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысын өткізетіні мәлім болған.




