Кезекті KPI: қала мен аудан әкімдері жұмыссыздықты төмендетуге жауапты болмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдан қала мен аудандар әкімдері халықты жұмыспен қамту көрсеткіштері үшін де тікелей жауапты болмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды.

Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдері мен тиісті министрліктерге еңбек нарығындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдермен бірлесе отырып, өңірлік жұмыспен қамту карталарында белгіленген негізгі көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе, тұрақты жұмыс орындарын құруға баса мән беріледі.

«Өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алсын», — деді премьер-министр.

Бұдан бөлек, Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктер 1 қыркүйекке дейін 2025–2027 жылдары жүзеге асырылатын барлық жобаны мемлекеттік басқару жүйесіне жүктеуі тиіс. Бұл мемлекеттік бағдарламалар мен жұмыс орындарын құру жоспарларының өзара байланысын қамтамасыз ету үшін қажет.

Цифрлық даму министрлігіне жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру барысы мен қабылданған шаралардың тиімділігін бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйе әзірлеу тапсырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовтің айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6% деңгейінде сақталған. Жалдамалы жұмысшылардың саны – 7,1 миллион адам, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитындар қатары – 2,1 миллион.

Сондай-ақ оқыңыз